“Қызымды аяусыз азаптап, терезеден лақтырып жіберді”. Азалы ана әділдік іздейді

7 қабаттан құлап қаза тапқан Ақнәр Гүлістанның анасы Гүлістан Қамит бір жылға жуық уақыттан бері әділдікке жете алмай жүргенін айтып баспасөз мәслихатын өткізді. Гүлістан Қамит қызы тергеу нұсқасында айтылғандай, өзіне қол салғанына сенбейді, оны алдымен азаптап, терезеден лақтырып жіберген деп санайды. Ол «істі тергеумен айналысқан полицейлер әрекетсіз отыр, тіпті өзіміз тауып берген фактілерді тіркемейді» деген шағымын жеткізді.
Ескерту! Материалда зорлық-зомбылық пен ауыр жарақат кадрлері бар.
Оқиға желісі

Ақнәр Гүлістан 2002 жылы ҚХР-да туып, Қазақстанда өскен. КИМЭП университетінде оқыған полиглот. Аудармашы болып істеген, Қытайдан киім әкеліп, сатумен айналысқан. Гүлістан Қамиттің сөзінше, 2024 жылғы 20 шілдеде түн ортасында қызының телефонынан әкесіне, нағашы әпкесіне бейтаныс қыз қоңырау шалып, Ақнәрді ұрып-соғып өлтіргелі жатқанын, өзі жасырынып отырғанын айтады. Кейін әңгіме үзіліп, қайтара бірнеше рет қоңырау соққан кезде әлгі қыз тұтқаны көтермейді. Артынша Ақнәрдің әкесіне мессенджер арқылы тағы да қызын өлтіргелі жатқанын айтып, ізінше қайтадан байланысқа шықпай кетеді. Арада көп өтпей марқұмның телефонынан қоңырау шалып, тұтқаның арғы жағындағы адам полицей екенін, Ақнәр Гүлістан терезеден құлап кеткенін айтқан. Оқиға Алматыдағы Amir тұрғын-үй кешенінде марқұмның таныстарының пәтерінде болған. Ақнәр сол құлағаннан ауруханада комада жатып, келесі күні 18:00 шамасында көз жұмған.
Азаптау белгілері
Бойжеткеннің денесі екі күннен кейін беріледі. Жақындары ақтық сапар алдында жуындырмақ болғанда қыздың денесінен азаптау белгілерін байқаған.
«Бірнеше тырнағы сынған, бір саусағының тырнағы түбімен жоқ. Шашы жұлынған, тістеген, қылқындырған із бар», – дейді Гүлістан Қамит.


Қылмыстық іс
Жәбірленуші тараптың заңгері Инга Иманбай оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша іс қозғалғанын айтады. Ол бұл факті «Адам өлтіру», «Азаптау» баптары бойынша саралануы керек деп санайды. Іспен бастапқыда Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы айналысып, кейін іс қалалық департаментке өткен. Қаралы оқиға болған күні Ақнәрмен бір пәтерде болған екі қыз қорғалуға құқығы бар куә ретінде танылған.
«Тергеу органдары Гүлістан ханымның қолында бар дәлелді қаперге алып отырған жоқ. Бұл дәлелдер Ақнәр құлағанға дейін азапталғанын көрсетеді», – деді ол.
Екі қыз
Куә ретінде танылған екі қыз Ақнәрдің танысы. Бәрі бір университетте оқыған. Екеуі де ҚХР-да дүниеге келген этникалық қазақ. Біреуі биыл Қазақстан азаматтығын алған көрінеді. Екіншісі әліге дейін Қытай азаматы. Гүлістан Қамит WeChat желісіндегі әңгімеге қарап, Ақнәр сол түні таныстарының пәтеріне тауар көрсетуге барған болуы мүмкін деп топшылайды. Екеуі де сол түні мас, Ақнәр сау болған. Оны сараптама растаған. Айтуынша, телефон арқылы «Ақнәрді өлтіргелі жатыр» деп екеуінің бірі хабарлаған.
Тергеу
Гүлістан Қамитте тергеудің жүргізіліне байланысты сұрақ көп. «Полицейлердің орнына полицей болдым» деген ол әр айғақты өзі жинағанын айтып, тергеушілердің әрекетсіздігіне шағынды.
«Тергеушілер екі қыздан жауап алмаған. Ақнәрдің терезеден құлағанын көрген адамдардан да жауап алынбады. Оның ішінде бір блогер бар. Маңайдағы камераларды қарап, оқиғаның нобайын құрауға тырыспады. Бәріне өзім жүгіріп, сол жердегі камералардың жазбаларын жинап, тергеушіге тапсырдым. Олар болса, оның бірін де іс материалына тіркемеген. Адвокаттарымның өтініш хаттарын жауапсыз қалдырды. Әдетте қылмыс болған жерді тергеу кезінде жауып, ешкімді кіргізбейді. Бұл жерде өйтпеген. Пәтерді полицейлер қарағанға дейін екі қыз ол жерді жуып-шайып, тазалап тастаған. Пәтерден қызыма тиесілі бірде-бір зат таппадым. Құжаттары, банк карталары, ақшасы, алқа-бұйымдары, жеке заттарының ешбірі жоқ. Тек әжетхана қағазын тастайтын жерден қызымның уысталған шашын таптым. Ақнәрдің телефонын полицейлер арада қырық күн өткенде ғана берді. Ол жерден қызымды аяусыз азаптаған видеоларды тауып алдым. Оларды да іске тіркемей отыр», – дейді көз жасын көл қылған ана.


Гүлістан Қамиттың сөзінше, прокурор екі қызды қамауға алу туралы қаулы шығарған. Алайда бір жылдан бері қаулы орындалмаған, қыздар бостандықта. Тексеру үшін телефондары тәркіленбеген, ұзамай екеуі де телефонын ауыстырып жіберген. Өзі екі қызды әлі күнге дейін көрмеген.
«Азаптау болғанын анықтау қиын емес»
Инга Иманбай тергеу кезінде қарапайым амалдардың жасалмағанына таң.
«Марқұмның денесіндегі жарақат іздері мен екі қыздың тырнақ астынан алынған биоматериалын сәйкестендіру арқылы азаптау фактісін анықтау қиын емес еді» дейді ол. – Қыздардың азаптауға қатысы бар-жоғын екеуінің ауыз қуысынан алынған анализ бен марқұмның денесіндегі тісленген ізді сәйкестендіріп те анықтауға болар еді.
«Шулатсаңдар, сотталасыңдар»
Ақнәрдің нағашы әпкесі Рая Қамит полицейлер о баста «істі шулатпаңдар, журналистерге айтып, әлеуметтік желіге салсаңдар айыппұл салынады, сотталасыңдар” деп айтқанын жеткізді.

Ал Ақнәрдің нағашы ағасы Орал Қамит «пәтерде болған қыз балалар оқиғаға қатысы болмаса, құрбысының қазасы үшін жүгіріп жүрер еді» дей келе, олар сол түннен бері алдыларына келмегенін, байланысқа адвокат арқылы ғана шығатынын айтты.
Полиция департаментінің түсініктемесі
Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі KursivMedia тілшісіне аталған дерек бойынша ПД-нің тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғап, қазіргі уақытта оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатқанын жеткізді.
«Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда, куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде, заңда көзделген басқа да іс жүргізу әрекеттері орындалуда. Тергеу барысы Департамент басшылығының ерекше бақылауында. Оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады» деп хабарлады департаментегілер.
Ақнәрдің жақындары бұл істі ақырына дейін жеткізетінін айтып, іс әділ тергелуі үшін қоғам назарына үміт артады.