Миллиардер Владимир Кимге тиесілі банктің табысы өсті

Миллиардер Владимир Кимге тиесілі банктің табысы өсті. Bank RBK 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында 17,4 млрд теңге көлемінде таза пайда тапқан. Бұл өткен былтырмен салыстырғанда 41,5% немесе 5,1 млрд теңгеге артық.
Банктің пайызсыз түсімдері бір жыл ішінде 58,5%-ға өсіп, 17,1 млрд теңгеге жетті. Ал пайыздық түсімдер 15,2 млрд теңгені құрап, 16,5%-ға артты.
Сонымен қатар, есепті кезеңде банктің «басқа жиынтық кірісі» теріс мәнге ие болды – минус 6,4 млрд теңге. Былтыр бұл көрсеткіш 4,5 млрд теңге көлемінде оң нәтиже көрсеткен. Бұл өзгеріске, негізінен, инвестициялық бағалы қағаздардың нарықтық құнының төмендеуі себеп болды (–6,8 млрд теңге).
Банк активтері, 2,4 трлн теңгені құраса, міндеттемелері 2,2 трлн теңгеге жеткен.
Bank RBK-нің 89,79%-ы «КСС Финанс» компаниясына тиесілі. Бұл компанияның түпкі иесі – Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай үш адамның бірі саналатын Владимир Ким. Оның байлығы биыл $5,7 млрд деп бағаланған. Сонымен қатар, банктің 6,49% акциясы Наталья Акентьеваға тиесілі.
Ал Владимир Кимнің KAZ Minerals компаниясы Павлодар облысындағы Бозшакөл, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен орында, ШҚО-дағы үш жерасты кеніші және Қырғызстандағы Бозымчак кен орында алтын-мыс кен орнын өндіреді.
Bank RBK – 2017 жылдары мемлекеттен көмек алған банктердің бірі. Жалпы 244 млрд теңге қарыз алса, соның 214 млмр теңгесі әлі банктің мойнында.