Қатар инвесторына сатылған Bereke bank үш айда табысын еселеп арттырды

Былтыр қатарлық инвесторға сатылған Bereke bank жалпы табысын 29 есе артырды. Банктің қаржы есептілігіне сәйкес, банктің табысы 454 млн теңгеден 13,2 млрд теңгеге бірақ жеткен.
Ал таза пайдасы 2024 жылдың соңында 645 млн теңгені құраса, биыл үш айда 7,8 млрд теңге болды. Өйткені банк қайта бағалау нәтижесінде инвестициялық құралдардан 5,4 млрд теңге шығын шеккен.
Таза табыстың қарқынды өсуі бірнеше факторлармен байланысты. Біріншіден, банк активтерінің сапасы мен құрылымы оңтайландырылды. Клиенттерге берілген кредиттер көлемі тұрақты өсіп келеді, ал шетелдік банктердегі қаражат қалдықтары да ұлғайған.
Банктің негізгі табысы – пайыздық кірістерден құралған:
- Пайыздық табыс: 100,8 млрд теңге (2024 ж. І тоқсанында – 83,2 млрд теңге);
- Пайыздық шығын: 60,2 млрд теңге (2024 ж. – 53,5 млрд тг);
- Таза пайыздық табыс: 40,6 млрд теңге (2024 ж. – 29,6 млрд тг);
Яғни, банктің несие беру мен басқа да қаржы құралдарынан түскен кірісі өсіп, таза пайыздық табыс ~11 млрд теңгеге артқан.
Актив көлемі қанша?
Bereke Bank-тің жалпы активтері 2,44 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш жыл басымен салыстырғанда сәл төмендегенмен (-0,2%), құрылымдық тұрғыда бірқатар оң өзгерістер орын алған:
- Ақша қаражаты мен баламасы– 1,085 трлн теңге (өсім: +30,6 млрд тг);
- Клиенттерге берілген кредиттер мен аванстар – 1,095 трлн теңге (азаю: -36 млрд тг);
- Инвестициялық бағалы қағаздар – 172,3 млрд теңге (өсім: +2 млрд тг).
Банктің меншікті капиталы да біршама ұлғайды. 2024 жылдың соңындағы 182,7 млрд теңгеден 2025 жылдың І тоқсанында 190,4 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл өсім негізінен таза табыстың есебінен қамтамасыз етілді.
Міндеттемелер құрылымы да өзгерген
Береке банктің міндеттемелері 2,25 трлн теңге көлемінде сақталды. Соның ішінде корпоративтік клиенттердің қаражаты 832,8 млрд (-59,8 млрд теңге) теңге болса, жеке тұлғалардың депозиттері 717,7 млрд (өсім: +59,1 млрд теңге) теңгені құраған. Борыштық бағалы қағаздар – 306,9 млрд теңгеге тең. Ипотекалық ұйым алдындағы міндеттемелер 259,4 млрд теңгені құрайды.
2024 жылдың соңында банк құрылымында да маңызды өзгерістер орын алды. 8 қазанда 2024 жылы бұрынғы иесі —«Бәйтерек» холдингінен банктің 100% акциясын қатарлық Lesha Bank LLC (Public) сатып алды. Сөйтіп, банк толықтай жеке меншікке өтті. 2025 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша, банк жалғыз акционері – дәл осы компания. Қатарлық инвестор қазақстандық қаржы ұйымын 65 млрд теңгеге сатып алған.