Freedom акциялары қымбаттап, тарихи рекорд орнатты

Nasdaq қор биржасында Freedom Holding Corp. акциялары рекорд орнатып жатыр. Сейсенбі күннің сауда қортындысы бойынша FRHS акциясы 2,12 пайызға өсіп, 163,6 долларға көтерілді. Холдингтің нарықтық капитализациясы 9,92 млрд долларды құрады.
Сәуірде АҚШ-тағы инфляциялық қысым, пайыздық мөлшерлеме белгісіздігі және қаржы секторындағы құбылмалылық FRHC сияқты холдингтердің акцияларына кері әсерін тигізген болатын. Нәтижесінде холдинг акциясы сәуірдің басында 113,9 долларға дейін құлдыраған.
Алайда өткен айдан соңынан компания акциясы қайтадан біртіндеп өсіп келеді. Оған әлемдік геосаясаттағы «жылымық» әсер етті. АҚШ пен Қытай сауда соғысындағы келсімдер АҚШ қор нарығының өсіміне алып келген. Өз кезегінде Nasdaq индексі де көтерілген.
2025 жылдың мамырында Freedom Holding Corp. (FRHC) акциясы 163,6 долларға дейін өсіп, бір ай ішінде 32,94%, ал жыл басынан бері 24,89% жоғарылады. Ал Қазақстан қор биржасында 14 мамыр күнгі сауда-саттықта акция бағасы 160 долларға дейін арзандап барып, 163 долларға дейін көтерілді.
Freedom Holding Corp. – бақылау пакеті қазақстандық миллиардер Тимур Турловқа тиесілі халықаралық холдинг. Ол компанияның 69.52% акциясын иеленеді. Ал 26,41 пайыз акциясы номиналды ұстаушылардың қолында.
Ал Тимур Турловтың жеке дәулеті бүгінде 7 млрд доллардан асып, Қазақстандағы ауқатты адамдар тізімінде екінші орынға көтерілді.
Холдинг құрамына «Фридом Финанс» брокерлік компаниясы, осы аттас банк, екі сақтандыру компаниясы, Arbuz.kz онлайн-супермаркеті мен Aviata.kz авиабилеттер сервисі кіреді.
Топ бренді аясында Freedom Drive автокөлік шиналары дүкені, Freedom Mobile техника мен аксессуарлар салоны, концерттерге, киноға және басқа да іс-шараларға арналған Freedom Ticketon билет сервисі, Freedom Telecom телекоммуникациялық компаниясы және Freedom Media онлайн-кинотеатры да бар.
Freedom Holding Corp. 2025 қаржы жылының үшінші тоқсанында 655 млн доллар табыс тапқанын хабарлаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56,5%-ға көп. Алайда таза пайдасы 78 млн доллар болды, бұл 2024 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 18,7%-ға төмен. Нәтижесінде, жай және артықшылығы бар акциялар бойынша пайда сәйкесінше 1,32 және 1,29 долларды құрады.