Тоқаев Көлік министрі Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады

Тоқаев Көлік министрі Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көлік және логистика саласындағы түйткілдер талқыланған.
Ақорданың хабарлауынша, жиын барысында Мемлекет басшысы саланың қазіргі жай-күйін сынға алып, бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды.
Көлік министрі Марат Қарабаев пен басқа да мемлекеттік орган басшылары өз баяндамаларында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырғанымен, Президент олардың тиімділігіне күмән келтірді.
Оның айтуынша, салада қордаланған мәселелер жеткілікті: шекарадағы жүк өткізу қиындықтары, тозығы жеткен өткізу бекеттері, уақытынан кешігетін инфрақұрылымдық жобалар, авиаотын тапшылығы сынды түйткілдер көлік-логистика жүйесін жаңғыртуға едәуір кедергі келтіруде.
Президент «Жасыл дәліз» жүйесін құрудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды. Ол жаһандық бәсекелестік шиеленіскен тұста еліміздің географиялық артықшылығын сақтау ғана емес, оны күшейту де маңызды екенін ескертті.
Жиын қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласындағы кемшіліктер үшін министр Марат Қарабаевқа сөгіс жариялаған. Сонымен қатар Мемлекет басшысы саладағы проблемаларды шешу үшін нақты және шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
2024 қарашасында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев та сөгіс алған. Ол Саран қаласының жылыту маусымына дайындығын бақыламаған.