
Еуропалық Одақ (ЕО) Ресейге қарсы 17-ші санкциялар пакетін бекітті. euronews басылымының жазуынша, жаңа шектеулер Ресейдің көлеңкелі танкер флотына бағытталған. Бұл флот Батыс санкцияларын айналып өтіп, мұнай сатуды жалғастырып отырған ескі, сақтандырылмаған кемелерден тұрады.
Кемелерде жалған дерек беру, трансопондерді өшіру, мұнайды кеме-кеме арасында тасымалдау арқылы баррельдердің шығу тегін жасыру сынды айла-шарғы қолданылып келеді. Қазірге дейін 153 танкерге ЕО порттарына кіруге тыйым салынған болса, жаңа санкциялармен бұл сан 350-ден асады.
Бұған қоса, 75 жеке тұлға мен компания қара тізімге енгізілді. Олардың қатарында Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенімен байланысты ұйымдар мен Қазақстан, Түркия, Сербия, Өзбекстан, Вьетнам және БАӘ секілді елдердегі қос мақсаттағы тауарларды жеткізген делдалдар бар. Сондай-ақ, зымыран жасауға пайдаланылатын ЕО өндірген кейбір химиялық заттарды экспорттауға тыйым салынды.
ЕО бұл санкцияларды Украина мен Ресей арасындағы Түркияда өтуі тиіс тікелей келіссөздердің алдында жариялады. Президент Зеленский Путинді келіссөзге тікелей қатысуға шақырса да, Кремль әзірге оның Ыстанбұлға баратынын растаған жоқ.
Алайда бұл санкциялар ресми түрде күшіне енуі үшін ЕО Сыртқы істер министрлері мақұлдауы қажет. Олардың жиыны 2025 жылғы 20 мамырға жоспарланған.
Бұл шешім егер Мәскеу АҚШ пен «Ынталы елдер коалициясы» ұсынған 30 күндік шартсыз бітімді қабылдамаса, қысым жалғасатынын білдіреді.
Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей бітімге келмеген жағдайда, қаржы, мұнай және газ секторларын нысанаға алатын жаңа санкциялар енгізілетінін ескертті. Ал ЕО ішінде бұған Венгрия өарсы болуы мүмкін. Соған қарамастан, Брюссель санкциялардың тиімділігін сақтау үшін ветоны айналып өту жолдарын қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін ақпанда ЕуроОдақ Ресейге қарсы 16-шы санкциялар пакетін қабылдаған еді. ЕО 48 жеке тұлға мен 35 ұйымды санкция тізіміне енгізген. Санкцияға ілінген компаниялар арасында Қазақстан да бар. Тағы бір бөлігі Ресейде орналасқан, ал қалғандары Қытай (Гонконгпен бірге), Үндістан, Сингапур, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Өзбекстанда тіркелген.