Әлемдегі ең кедей президент атанған Хосе Мухика 89 жасында өмірден өтті

Уругвайдың экс-президенті, қарапайым өмір салтымен әлемге танылған Хосе Мухика 89 жасында қайтыс болды. Бұл жайлы Уругвай президенті Яманду Орси хабарлады.
«Біздің жолдасымыз Пепе Мухиканың қайтыс болғанын терең күйзеліспен хабарлаймыз. Мухика мырза тек президент қана емес, белсенді, үлгі тұтар тұлға, көшбасшы еді. Сағынатын боламыз, қадірлі қарт дос. Еліңе деген сүйіспеншілігің мен жасаған жақсылықтарың үшін рақмет», – – деп жазды Орси.
Хосе Мухика 1935 жылы 20 мамырда Монтевидео қаласында дүниеге келген. 2009 жылы Уругвай президенті болып сайланып, 2015 жылға дейін қызмет етті.
Жастық шағында, 1960–1970 жылдары, Мухика Куба революциясының идеяларымен рухтанған «Тупамарос» атты солшыл радикалды қозғалыс құрамында билікке қарсы партизандық күреске қатысты. Мухика алты рет жараланып, 14 жылын түрмеде өткізген. Соның басым бөлігінде жалғыз кісілік камерада отырған. 1985 жылы елде демократия орнаған соң бостандыққа шықты.
2024 жылы мамырда Мухикаға өңеш қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Ауру кейін бауырға жайылып, емге көнбей қалғандықтан, қаңтар айында емнен бас тартып, отандастарымен қоштаса бастаған.
Президенттік кезінде Мухика жалақысының 90 пайызын қайырымдылыққа жұмсап, әйелімен бірге гүл өсіріп сатқан. Оның атына тіркелген жалғыз мүлік – 1987 жылғы Volkswagen Beetle көлігі мен шағын фермасы ғана болған. Осы қарапайым тіршілігі үшін Мухика «әлемдегі ең кедей президент» деген атаққа ие болды.