Қыз алып қашқандар 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қыз алып қашу фактілеріне байланысты Қылмыстық кодекске енгізіліп жатқан өзгерістер туралы пікір білдірді.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе еліміздің кейбір өңірлерінде әлі де белең алып отыр, ал жәбірленушілердің көпшілігі әділдікке қол жеткізе алмай келеді.
«Бұл нормаларды не үшін қабылдап жатырмыз? Соңғы үш жылда полицияға 214 шағым түскен. Қыз алып қашу немесе мәжбүрлеп некеге тұрғызу бойынша. Бірақ соның тек 10-ы ғана сотқа дейін жеткен. Қалған 205 істің бәрі жабылған», — деді депутат.
Әбеновтің айтуынша, көптеген жағдайда қыздардың сөзін елемеген.
«Кейбір қыздар көліктен секіріп кеткен, оларға күш қолданылған. Бірақ бәрібір істер жабылып қалған. Енді біз осыған тосқауыл қоюымыз керек», — деді Әбенов.
Жаңа заң жобасына сәйкес, егер қыз 18 жасқа толмаған болса немесе оған күш қолданылса, кінәлі тарап 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Біз бұл норманы жыл соңына дейін қабылдауды жоспарлап отырмыз. Қыз алып қашу — бұл салт емес, қылмыс. Ол үшін нақты жауапкершілік болуы тиіс, — деді депутат.
Әбенов сондай-ақ бұған дейін қыз алып қашуға тек айыппұл салынатынын, бірақ ол да көбіне қолданылмайтынын айтты. Енді бұл әрекет қатаң жазаланатын ауыр құқық бұзушылықтар қатарына енгізілмек.