Таразда таяқ жеген депутатқа қатысты жаңа мәліметтер жарияланды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Нурлан Байгазиев
Нұрлан Байғазиев әйелге ауызыңдап жап дегені үшін таяқ жеді / фото: instagram amanat_life

Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиевке қатысты Таразда орын алған оқиға әлдеқайда жеңіл тұрмыстық жанжал болып шықты. Бұл туралы оқиға куәгерлері HALYQSTAN басылымына айтып берген.

Оқиға Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта орналасқан «Ғибрат» мейрамханасында болған. Бұл орын Жамбыл облыстық полиция департаментінің дәл жанында орналасқан. Депутат Байғазиев сол жерде бейресми жұмыс кездесуін өткізіп отырған.

Депутат телефонын жақын маңдағы үстелдердің біріне қойып, қуаттауға қосқан. Алайда бұл үстел басында бала-шағасымен отбасы отырған. Куәгерлердің айтуынша, Байғазиев телефонын қайта-қайта барып тексеріп, отбасыға ыңғайсыздық туғызған. Тіпті бір сәтте құрылғыны баланың үстіне құлатып ала жаздаған.

Сол сәтте әйел адам депутаттан зарядтау орнын ауыстыруды сыпайы түрде өтінген. Алайда шенеуніктің жауабы дөрекі болған көрінеді. Осылайша сөзбен басталған даудың арты ұрысқа ұласқан. Оқиға барысында телефон камерасы қосылып, видеоға түсірілген сәттер орын алған.

Ақыры әйелдің күйеуі араласып, Байғазиевті бір рет жұдырықпен ұрған. Алдыңғы болжамдардағыдай кастет қолданылмаған. Депутаттың бет сүйегі сынып, жабық жарақат алған. Дегенмен, дәрігерлердің ескертуіне қарамастан, ауруханаға жатудан бас тартқан.

Полиция бұл дерек бойынша ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігі «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастаған.

Сондай-ақ оқыңыз