Мәслихат депутаты Нұрлан Байғазиев Таразда таяқ жеді

2025 жылғы 13 мамыр күні шамамен сағат 18:00-де Тараз қаласындағы «Ғибрат» кафесінде Алматы облысы Іле ауданының мәслихат депутаты, заңгер Нұрлан Байғазиевке белгісіз біреу шабуыл жасап, ауыр соққыға жықты. Бұл туралы Taraznews.kz хабарлады.
Оқиға Байғазиевтің клиенттерімен кездесіп жатқан сәтінде болған. Куәгерлердің айтуынша, белгісіз адам оған шабуыл жасап, кастетпен ұрған. Алдын ала мәліметке сәйкес, депутаттың миы шайқалып, денесінің бірнеше жерінен жарақат алған. Қазіргі уақытта Байғазиев ауруханада жатыр, оған ота жасалуы мүмкін.
Полиция мәліметінше, соққыға жыққан адам ұсталып, сотқа дейін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Байғазиев кәмелетке толмаған 17 жастағы қызды қызметтік көлігімен жеткізбек болған полиция қызметкерлерін видеоға түсіріп, олардың әрекетінің заңсыз екенін атап өткен еді. Видео желіде кең таралып, қызметтік тексеріс нәтижесінде полицейлер жұмыстан қуылған.