Жаңалықтар

Ажырасқандарға салынатын салықтан пайда бар ма? – экономист жауабы

Ажырасқандарға салынатын салық азаматтық некенің артуына әкелуі мүмкін / shutterstock
Ажырасқандарға салынатын салық азаматтық некенің артуына әкелуі мүмкін / shutterstock

Ажырасқандарға салынатын салық туралы мәселе қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр. Мамандар таяқтың екі ұшы бар екенін айтады.

Статистикаға жүгінетін болсақ, 2024 жылы елімізде 40 569 отбасының шаңырағы ортасына түскен. Коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,01-ге жетіп отыр. Батыс еуропа елдеріндегі көрсеткішке теңесіп, Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған деңгейге шыққан.

«Қазақстандағы ажырасу көрсеткіші өте жоғары. Әлемдегі бестікке кіріп отырмыз. Әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады екен. Бұл құбылыс балалардың толық емес отбасында өсуіне, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың көбеюіне,экономикалық-психологиялық түйткілдерге әкеліп соғады», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Салық қандай пайда әкеледі?

Ажырасқандарға салынатын салық қандай пайда әкелуі мүмкін? Экономистің пікірінше, әрине, бюджет кірісі көбейеді.

«Қосымша қаржы көзі болады. Бұл салықтан түсетін қаржы отбасылық саясатты дамытуға, жалғызбасты ата-аналарды қолдауға бағытталуы ықтимал. Ажырасу салығын енгізу арқылы ажырасудың алдын алуымыз мүмкін», – дейді Бауыржан Ысқақов.

Оның пікірінше, бұл салық кейбір адамдарды ойлануға, оны кейінге қалдыруға, тіпті мүлде бас тартуға себеп болуы ғажап емес. Бұл шара тек материалдық тұрғыдан ойланатын адамдарға әсер етеді.

Мемлекет жауапкершілікті арттыруды көздейді

Маманның айтуынша, таяқтың екі ұшы бар. Әрине, терең отбасылық дағдарысқа ұшырағандарға тоқтам бола алмайды.

«Бұған да жіті мән беру қажет. Бұл салық әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға да ықпал етуі кәдік. Отбасылық құндылықтарды сақтау үшін мемлекет тарапынан жауапкершілікті арттыру тетігі ретінде қолданылуы да мүмкін», – дейді экономист.  

Яғни, салық отбасылық құндылықтың әлеуметтік маңыздылығын көрсетудің бір тәсілі ретінде қарастырылып отыр.

Салықтың теріс жақтары

Әрине, мұның теріс жақтары да бар. Ажырасу – мәжбүрлі шешім. Адамдар көбіне зорлық-зомбылық, опасыздық және басқа да тұрмыстық қиындықтарға байланысты ажырасады.

«Мұндай жағдайда, салық салу  жығылғанға жұдырық болмақ. Жазалау ретінде қабылдануы да ықтимал. Кедей отбасыларға үлкен ауыртпашылық әкелуі мүмкін. Табысы төмен азаматтарға қосымша экономикалық қысым тудырады», – дейді Бауыржан Ысқақов.  

Бұл неге әкеліп соғады?

Оның сөзінше, бұл жағдай азаматтардың заң түрде ажыраспай, бөлек тұруға, өзге адамдармен азаматтық некеде өмір сүруіне итермелейді. Отбасылық саясатқа кері әсерін тигізеді.

«Ажырасатындарға салықтың басты идеясы – отбасы институтын нығайту мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау. Дегенмен, бұл өте нәзік мәселе. Сондықтан, әлеуметтік теңдік пен азаматтардың құқығын да ескеру қажет», – дейді экономист.

Бауыржан Ысқақов тек қана салық салумен мәселе шешілмейтінін алға тартып отыр. Алдымен ажырасуға әкеліп жатқан факторларды зерттеп, отбасы институтының іргетасын бекітетін басқа да жолдарды қарастырған жөн.