Lifestyle

Спагетти итальяндықтардың емес, біздің ежелгі тағамымыз – Олжас Сүлейменов

Спагетти – етті кеспе итальяндықтарға қатты ұнап қалған / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Спагетти – етті кеспе итальяндықтарға қатты ұнап қалған / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Спагетти – етті кеспе – түркілердің асы екен. Италияға Марко Поло апарыпты.  Бұл туралы Олжас Сүлейменов мәлімдеді.

Ақын, түркітанушы Олжас Сүлейменов сұхбатында ресейлік танымал ақын Андрей Вознесенский және әдебиеттанушы Дмитрий Лихачевпен бірге Италияның Палермо қаласына бірге саяхаттаған кезін еске түсірді. Сонда әдебиетшілер спагетти төңірегінде әңгіме қозғаған.

Палермо қаласы Сицилияда орналасқан. Олар кезекті әдеби жиынға келген.

Итальяндық ғалым мойындаған

«Біз теңіз жағалауында отырдық. Спагетти жедік. Дмитрий Лихачевтен «спагетти сөзінің қайдан шыққанын білесіз бе?» деп сұрадым. «Сіз осындай сұрақ қойсаңыз, онда Шығыстан шыққаны ғой», – деп жауап берді. «Дәл айттыңыз» дедім», – деп күлді Олжас Сүлейменов.

Олардың қасында орыс тілін өте керемет білетін итальяндық ғалым, филолог болыпты. Ол Олжас Сүлейменовтің спагетти туралы пікірін қолдаған.

«Иә, бұл асты Марко Поло Шығыстан әкелген. Венецияда қонақ шақырып, түске ас беретін ғұрып бар. Әйгілі саяхатшы сапарлаған елдерінен үйренген түрлі тамақ түрлерін осындай бас қосуда көрсетіп отырған. Соның ішінде итальяндықтарға спагетти қатты ұнап қалған», – деп қостаған итальяндық ғалым.

«Кеспе етті» қалай «спагеттиге» айналды?

Қазір Италияда спагеттидің 100-ден аса түрі бар. Сан түрлі мәзірі кездеседі.

«Қалғанын мен түсіндіріп берейін. Бұл түркінің әспе етті деген сөзінен шыққан. Қазақша – етті кеспе. Италияндықтар оны спагетти деп атап кеткен. Өйткені, итальян тілінде сөздің басындағы дауысты дыбыстар ұдайы түсіп қалады. Спагетти деген сөз осылай пайда болды», – дейді Олжас Сүлейменов.

Қара сөзінің мағынасы қандай?

Мұның алдында Олжас Сүлейменов түркі тілінде «қара» сөзінің «ұлы» немесе «алып» деген мағына бергенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Қара Қыпшақ Қобланды деген тарихи тұлға түсіне қарай емес, денесінің алыптығына байланысты солай аталған. Сонымен қатар, Шыңғысхан империясының астанасы Қарақорым «ұлы, алып қорған» деген мағынада айтылған. Ал Қара теңіз – Ұлы (алып) теңіз, Қарабақ – Ұлы (алып) бақ деген мағынаға ие.

Мұның алдында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Олжас Сүлейменовтың Алматы атауын өзгерту туралы бастамасына қатысты пікір білдірген еді.