Жаңалықтар

Елдегі тозған коммуналдық құбырларды жаңартуға Дүниежүзілік банк көмектеседі

Фото:primeminister.kz

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» атты ұлттық жобаны қаржыландыруға Дүниежүзілік банк көмек көрсетпек. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өкілдерімен кездесіп, бастапқы шарттарын келісті.

«Дүниежүзілік банк өкілдері Ұлттық жобаны іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Ықтимал бюджет көлемдері талқыланып, сумен жабдықтау және су бұру нысандарын салу бойынша жобалар тізімін қалыптастыру туралы шешім қабылданды», – деп жазылған премьер-министр сайтында.

Одан бөлек, халықаралық қаржы ұйымы Солтүстік Арал теңізін сақтау, төтенше жағдайлардан кейін қалпына келтіру қорына қатысты мәселелерді талқылауға қатысты. Жалпы Қазақстан үкіметі мен Дүниежүзілік банк арасындағы әріптестік 2026-2030 жылдар аралығын қамтиды.

Ұлттық жоба қашан қабылданды?

Былтыр елдегі апатты жағдайлар жиілегеннен кейін үкімет электр қуаты мен коммуналдық желілерді жаңартуға ерекше назар салды. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жоба қабылданды.

2024 жылы күзде Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов жобаны жүзеге асыру үшін шамамен 10 трлн теңге қажет деген еді. Бұл қаражатқа елдегі жылу желілерін жөндеп, сумен жабдықтау желілерін жаңартады. Тозға кәріздерді де қалпына келтірмек.

Биыл жыл басында осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жобалық кеңсе жұмысын бастады. Енді 2029 жылға дейін Үкімет коммуналдық құбыр желісін жаңғырту үшін 6,8 трлн теңге, ал электр энергиясын өндіру үшін 6,2 трлн теңге қаражат табуы керек. Сол кезде қаржыны екінші деңгейлі банктер, ұлттық қаржы даму институттары мен халықаралық ұйымдардан алады деп мәлімдеген еді.