Жаңалықтар

Қазақстан тағы да алты айға сұйытылған газды экспорттауға тыйым салды

Фото:shutterstock

Қазақстан сұйытылған газды шекара сыртына экспорттауға тағы алты айға тыйым салды. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Экспортқа тыйым салуға себеп – ішкі нарыққа сұйытылған газдың жетіспеуі.

«Осыған байланысты министрлік ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағынан сұйытылған мұнай газын, пропанды және бутанды автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізіледі», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Сұйытылған газды экспорттауға тек мұнай-газ, пайдалы қазба өндіруші компаниялар (өнімді бөлу туралы келісімшартпен жұмыс істейтін), Қарашығанақ кен орнынан өнім шығаратындар мен еліміз арқылы транзитпен жүк тасымалдайтын компанияларға ғана рұқсат берілген.

Бұл шикізаттың экспортына тыйым салу 2023 жылдың қарашасынан басталған. Оны кейін бірнеше рет ұзартты. Соңғы шектеу уақыты осы жылы 14 мамырда аяқталды. Енді министрлік оны тағы да жарты жылға созып отыр.