Қытайлық CNPC-дің экс-басшысы пара алғаны үшін 13 жылға сотталды

Қытайдың мемлекеттік мұнай-газ алпауыты China National Petroleum Corp (CNPC) бұрынғы төрағасы Уан Илинь пара алғаны үшін 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 3 млн юань немесе 400 мың доллар көлемінде айыппұл салынды. Бұл қытайлық CCTV хабарлады.
Тергеу мәліметі бойынша, Уан Илинь 1996–2020 жылдары CNPC-де жұмыс істеген кезінде қызмет бабын асыра пайдаланған. Шамамен 4,88 млн доллар пара алып, өзге тұлғалардың мансабында өсуіне, кейбір жоба бойынша келісімшарт жасауға көмектескен.
Ол CNPC-дегі қызметінен 2020 жылы кеткен. Ал 2024 жылы шілдеде Қытай Коммунистік партиясынан «тәртіп бұзушылықтар үшін» шығарылды. Тағы да мүдделі тұлғалардың мансабын алға жылжытуға көмектескені үшін пара алды деп айыпталды. CNPC өкілдері Уан Илинь партиядан шығарылған кезде, биліктің жемқорлықпен күрес шараларын толығымен қолдайтынын мәлімдеген.
CNPC компаниясы Қазақстанмен тығыз байланысты. Тоқсаныншы жылдардан бастап елімізде бірнеше жобаларға кірген.
1997 жылы «Ақтөбемұнайгаз» АҚ, 2005 жылы «ПетроҚазақстан» АҚ-ны сатып алды. Қазір «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның 50%-ын иеленеді. Енді Энергетика министрлігі арадағы серіктестікті жалғастыру үшін тағы да келіссөздер жүргізбекші.
Екі мыңыншы жылдары қытайлық компания «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырының құрылысына да қатысты.