Жаңалықтар

Назарбаев көмекшісі Сара Алпысқызының қайтыс болғаны туралы хабарды жоққа шығарды

Дәрігерлер Сара Назарбаеваның денсаулығы туралы айту үшін пациенттің өз келісімі керек / фото: KursivMedia мұрағаты
Сара Назарбаева / Фото: ашық дереккөзден

Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны жайлы ақпарат – жалған. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаеватың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.

«БАҚ-тың көп сұраныстарына жауап ретінде хабарлаймын: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Алпысовна қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның қазасы туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп жазды ол.

Бүгін бірқатар БАҚ, телеграм арналар мен танымал тұлғалар экс-президенттің жұбайы Сара Алпысқызының өмірден өткені жайлы жазған еді.

«Кешірім сұраймын»

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қаралы хабар жайында инстаграм-парақшасында жазып, көңіл айтты. Бірақ кейін Kursiv тілшісіне берген пікірінде оны жоққа шығарып, кешірім сұрады.

«Парақшамды көмекші балалар жүргізеді. Басқа да әлеуметтік желілер де сол кісінің өлімі жайлы тараған еді. Мүмкін, соны көшіріп салған болар. Мен емес, көмекші балалар салды. Дәл осы дүниеге қатысты мен кешірім сұраймын», – деді ол Kursiv тілшісіне.

Экс-бірінші ханымның қайтыс болғаны жайлы Орда.кз басылымы да хабар таратты. Олар дереккөздеріне сілтеме жасаған.

Ол Алматыдағы Ұлттық госпитальде ем алып жатыр. Кейбір БАҚ-тың хабарлауынша, Назарбаеваның жағдайы нашарлап, оны жасанды жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.

Соңғы күндері ол емделіп жатқан медициналық мекеме маңында күзет күшейгені байқалды.