Тоқаев әлемнің ірі қорларымен байланыс орнатуды тапсырды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Тоқаев «Самұрық-Қазына» басшысын қабылдады / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 мамырда «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады.

Ақорда мәліметінше, 2024 жылы ұлттық компанияның таза табысы 39 пайызға, операциялық табысы 9 пайызға өскен.

Жақыпов іске қосылған немесе қолға алынған инфрақұрылымдық, инвестициялық жобалар туралы есеп берді. Атап айтқанда, Екібастұзда электр стансаның №1 энергоблогы қалпына келтірілді. Сиань қаласында көлік-логистика терминалы жұмыс істей бастады.

Сонымен бірге Алматының энергетика кешеніне қажетті газ инфрақұрылымының құрылысы аяқталды. Қарашығанақ кен орнында газды кері айдауға арналған бесінші компрессор пайдалануға берілді.

Инвестициялық жобаларға тоқталсақ, биыл мамырда битум өндірісін кеңейту жобасы басталды. Жыл соңына дейін тағы жеті ірі инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр.

«Qazaq Air АҚ әуе компаниясы мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Теле2) ұялы байланыс операторын стратегиялық инвесторларға сату жөнінде мәмілелер жасалды. Бұл нарықтағы бәсекелестікті арттыруға және Қазақстан экономикасының негізгі секторларына инвестиция тартуға ықпал етеді», – деп хабарлады Ақорда.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 106 мектептің құрылысы бітуге жақын. Жыл соңына дейін тағы 102 білім беру мекемесі ашылуы тиіс.

Президент компания активтерінің тиімділігін жоғарылату, құнын арттыруды, сонымен бірге инвестициялық жобаларды уақтылы және сапалы жүзеге асыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азия, Еуропа және АҚШ-тағы әлемнің ең ірі қорларымен ұзақмерзімді инвестициялық ынтымақтастық орнатудың маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз