Сәуірде мұнай өндірісі төмендеді, бірақ OPEC+ квотасынан әлі асып тұр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстан әлі де болса OPEC+ квотасынан асып кетіп жатыр / фото: REUTERS/Turar Kazangapov
Қазақстан әлі де болса OPEC+ квотасынан асып кетіп жатыр / фото: REUTERS/Turar Kazangapov

Қазақстанда сәуір айында мұнай өндірісі 3%-ға төмендеп, тәулігіне 1,82 млн баррель болды. Алайда OPEC+ белгілеген квотадан әлі де асып тұр. Бұл туралы Reuters мұнай саласындағы дереккөздеріне сүйене отырып хабарлады.

Қазақстандағы мұнай өндірісінің көлемі OPEC+ ұйымы ішіндегі дауға себеп болды. Өйткені Сауд Арабиясы бастаған топ мұнай өндірушілерден квотаның сақталуын талап етіп отыр.

Әлемдегі мұнай өндірушілердің ең ірі ондығына кіретін Қазақстан үшін сәуір айына тәулігіне 1,473 млн баррель мұнай өндіруге рұқсат берілген. Осы айда энергетика министрлігі OPEC+ алдындағы міндеттерін орындайтынын, бірақ мұнай өндірісін қысқартпайтынын мәлімдеген.

OPEC+ ұйымы екі ай қатарынан өндіріс көлемін ұлғайту туралы шешім қабылдаған. Соның салдарынан қара алтын бағасы түсіп кеткеніне қарамастан, ұйым маусым айында бір тәуліктегі өндірісті 411 мың баррельге арттыруға келіскен.

2025 жылы Қазақстанда мұнай өндірісінің күрт артуына Chevron-ның Теңіз кен орнын кеңейту жобасы әсер етті. Алайда сәуір айында осы кеніште тәулігіне 885 мың баррель мұнай өндірілген. Наурызда мұнда бір күнде 950 мың баррель шикізат алынған еді.

Бұған дейін Қазақстан артық өндірілген мұнай есесін 2026 жылғы сәуірде қысқартуға уәде берген.

Бір күн бұрын Қазақстанның мамыр айында мұнай экспортын азайтатыны мәлім болды.

Оның алдында жергілікті сарапшы республика үшін мұнай дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен. «Мұнай дәуірі соңына таяды, Қазақстан тезірек жаңа экономикалық модельге көшуі керек», – деген белгілі экономист Алмас Чукин.

Сондай-ақ оқыңыз