Серік Қонақбаев: Forbes тізіміндегі экс-депутат 48 млрд теңгені қалай жиды

Көпшілікке әйгілі боксшы ретінде танымал Серік Қонақбаев енді мұнайлы миллионер. Ол жақында ғана 93 млн доллармен Forbes Kazakhstan тізіміне енді. Қатарынан 12 жыл парламент төрінде отырған экс-депутат 48 млрд теңгені қалай жиды?
Kursiv.Media су жаңа миллионерге қатысы бар ондаған активті тексеріп, осы сұраққа жауап табуға тырысты.
- Боксшы һәм менеджер Қонақбаев
- Назарбаевты қолдау
- Petroprox және өгей ұлмен дауласу
- Қонақбаев құрған мұнай империясы
- Маңғыстау мұнайы және «Proxymunai»
- Сыр мұнайы және «SSM-Ойл»
Серік Қонақбаев – Мәскеу Олимпиадасының, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы.

Боксшы һәм менеджер Қонақбаев
Жамбылдағы құрылысшылар институтында оқып жүрген шақта бокспен шындап шұғылданған Серіктің спорттағы жұлдызы 1980 жылғы Олимпиадада жарқырай жанды. Мәскеудегі дүрбірлі додада қазақ спортшысы ақтық сынға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. Бір жылдан кейін, Қонақбаевты әлемнің ең үздік әуесқой боксшысы деп таныды. Алайда оның Олимп шыңын бағындыру арманы орындалмады – 1984 жылғы Лос-Анджелестегі ойындарға КСРО бойкот жариялаған. Сол себепті Серікке спорттағы мансабын ерте аяқтауға тура келген.
Дегенмен Қонақбаев бокстан ұзап кете қойған жоқ: төрт жыл құрама бапкері, ал республика тәуелсіздік алғанда 15 жыл Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті болды. Әр жылдары AIBA вице-президенті, Азия бокс конфедерациясының президенті қызметтерін атқарды. Тіпті AIBA президенті қызметіне де таласты. Осының бәрі Қонақбаевтың тәжірибелі спорт менеджері екенін көрсетеді.
Назарбаевты қолдау
Кезінде белсенді комсомол болған Қонақбаевтың саясатқа икемі 90-жылдардың аяғында Жамбыл облысы, Алматы әкімдіктерінде шыңдалды. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевты сайлауда қолдау штабының облыстық филиалын басқарды.
Еңбегі ақталды – 1999 жылы Қонақбаев «Отан» партиясы атынан парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ол депутат төсбелгісін бақандай 12 жыл бойы тақты. Назарбаев президент қызметінен бас тартқаннан кейінгі жылдары саясаткер Серік те лауазымы жоғары орындардан көрінбеді.
Биліктен кеткенімен, боксшының Назарбаевтар отбасынан алыстай қоймағаны кейінірек мәлім болды. 2022 жылы рейдерлік туралы іс сотта қаралған. Кәсіпкер Икрам Әбдікәрімов өгей әкесін, яғни Қонақбаевты бизнесін – Petroprox компаниясын тартып алды деп айтыптаған. Жәбірленуші президентке жазған хатында Қонақбаевқа Елдос Қоспаев көмектескенін жазған.
Айта кетейік, Қоспаев 2025 жылғы қаңтарда қылмыстық топты басқарды деген айыппен 15 жылға сотталды. Оны Болат Назарбаевтың көмекшісі деп атайды.
Petroprox және өгей ұл
Мұнай өнімдерін өткізумен айналысатын компания үшін таласта Қонақбаев өгей баласын жеңіп шықты. Сот шешіміне сай, дауға себеп болған Petroprox-тың 90% үлесі экс-депутаттың меншігіне өтті. Жарғылық капиталдың қалған 10%-ы Аманат Қонақбаевқа жазылды.
28 жастағы Аманат Серікұлының атына бір емес бірнеше компания жазылған. Petroprox жетекшісі Аманбек Қалиев болғанымен, оның құрылтайшылары арасында Аманат Қалиев пен Қонақбаева Алуа Серікқызы бар.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2021 жылы Petroprox 2,4 млрд теңгеге дейін салық төлеген. Компания Қонақбаевтар отбасына өткеннен кейінгі жылдары салық көрсеткіші әлдеқайда төмендеген. Мәселен, 2024 жылы компания бар болғаны 36,4 млн теңге салық төлеген.
Айтқандай, кәсіпкер Икрам Әбдікәрімов бұрынғы боксшымен әлі соттасып жүр. Мәселен, 2025 жылғы қаңтарда Алматыдағы тергеу соты оның Қонақбаевтың үстінен жазылған кезекті арызын қабылдамай тастады. Бұл жолы кәсіпкер экс-депутатты ZST-Qazaqstan компаниясының 33% үлесін екі қызының атына жазып беруге «мәжбүрледі» деп айыптаған.
Қонақбаев құрған мұнай империясы
Серік Қонақбаев депутат мандатын тапсырған 6-7 жылдың ішінде 93 млн доллармен Forbes Kazakhstan-ның ең бай адамдар тізіміне кірді. Қазір миллионер бұл тізімде 73-орында тұр.
Экс-депутат дәулетінің еселеп артуына мұнай-газ саласындағы активтерінің ықпалы тиді. Су жаңа миллионердің Маңғыстау және Қызылорда өңірлеріндегі мұнай және газ кен орындарында үлесі бар. Қонақбаев оларды «K-Global Invest» компаниясы арқылы басқарады.
Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, «K-Global Invest» компаниясы «Proxymunai», «SSM-Ойл», Amanat Capital Ltd секілді тағы бірнеше компанияға иелік етеді немесе үлеске ие.
Маңғыстау мұнайы және «Proxymunai»
Серік Қонақбаевқа қатысы бар «Шалва» кен орны Маңғыстау облысындағы Жетібай ауылы маңында орналасқан. 2023 жылғы тамызда кенішті ARK Petroleum компаниясы 283 млн теңгеге сатып алды. Кенішті сатып алардан екі ай бұрын ғана құрылған компанияның үш үлескері болған: «Fincraft Resources» – 50%, «Proxymunai» ЖШС – 43%; Рахман Асамбаев – 7%.
Кәсіпкер Кеңес Рақышев бақылауындағы Fincraft Resources 2025 жылғы 12 наурызда «Шалва» жобасынан шықты. Ал оның үлесін «Hauling-1» (Садыр Қожахметов) мен «Центр-Энерго» (Рахман Асамбаев) компаниялары алды (екеуі де 25%-дан).
Бізге қызығы – «Proxymunai». Оған Қонақбаев («K-Global Invest» компаниясы арқылы) пен әйелі Шолпан Әбдукәрімова иелік етеді.
ARK Petroleum мұнай кенішін сатып алған 2023 жылы 284,4 млн теңге салық төлесе, былтыр бар болғаны 7,7 млн теңгені қазынаға аударған. Салық көлемінің бір жылдың ішінде ғана бірден 37 есеге азайып кетуінің себебі белгісіз.
Сыр мұнайы және «SSM-Ойл»
Бұдан бөлек, Қонақбаевтың «SSM Oil» компаниясында 60% үлесі бар. Ол Қызылорда облысында мұнай және газ өндірумен айналысады. Ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, компания Сыр өңірінде бес кеніште геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Олар Тұзкөл, Батыс Түзкөл, Солтүстік Кетеқазған, Белқұдық, Жаңбыршы.
Осы өңірдегі тағы бір кенішті өндіру құқығы CNPC Kazakhstan-ға еншілес «Көлжан» компаниясы алған.
2000 жылы құрылған «SSM-Ойл» компаниясының бас директоры Серік Қонақбаев. Компания 2023 жылғы қарашада қайта тіркеуден өткен. 2025 жылғы 14 мамырдағы мәлімет бойынша, компаниясының екі құрылтайшысы бар. Олар: Қонақбаевқа тиесілі «K-Global Invest» және Мұзаффар Рүстемов.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, «SSM-Ойл» компаниясы 2024 жылы шамамен 10,8 млрд теңге салық төлеген.
Ескеретін бір маңызды жайт, Серік Қонақбаевқа қатысы бар тағы бірнеше компания оның ұл-қыздарының атына тіркелген.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы мамырдың басында Forbes Kazakstan республикадағы ең бай 75 адамның тізімін жариялады. Серік Қонақбаев миллионерлер арасында 73-орынға жайғасты.