
Қазақстанда өз қызметкерлеріне уақытылы жалақы төлей алмай отырған 70-ке жуық кәсіпорын бар. Бүгінде жалақы бойынша берешек сомасы 672 млн теңгеге жетіп отыр. Осылай деп мәлімдеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдар мен кәсіпорындарға жүргізілген тексеріс нәтижелерін жариялады.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары ұсынған мәліметке сүйенсек, 1 мамырдағы жағдай бойынша елдегі 66 кәсіпорын 1,7 мыңнан астам жұмыскердің жалақыларын уақытылы төлемей, берешек болып қалған. Бұдан бөлек түрлі ұйымдарда 2,3 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталды.
«Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 1 283 ұйғарым берілді және 152 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды»,- деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Аталған кемшіліктерді жою бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесінде 1,3 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 355,3 млн теңге төленді.
«Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері министрліктің ерекше бақылауында. 2025 жылғы 1 мамырдағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 1 891 тексеру жүргізді, оның барысында 2 338 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 1 920; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 401; халықты жұмыспен қамту бойынша – 17. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 13,8 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды», – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, жүйелі тексерістің нәтижесінде еңбек құқығының бұзылуы азайып келеді. мәселен, жыл басында елдегі 296 кәсіпорынның қызметкерлері алдындағы қарызы 4,5 млрд теңгеге жеткен болатын. Жалақы бойынша берешектен бөлек түрлі ұйымдарда 5,6 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталған еді.
Еске салайық, статистика бюросының мәліметінше, бағалау көрсеткіштері бойынша жалақының медианалық мәні 300 307 теңгені құрап отыр.