
Депутат Екатерина Смышляева Мәжілісте «жасанды интеллект туралы» заң жобасын талқылау барысында ЖИ-дің кейбір мамандықтарды алмастыру қауіпі бар деген болжамға қатысты пікір білдірді.
Депутат жасанды интеллект (ЖИ) қарқынды дамып, түрлі салаларға еніп жатқанын атап өтті. Осы орайда, «ЖИ адамдардың жұмыс орнын тартып ала ма?» деген сұрақ та жиі көтерілетінін еске салды. Смышляева ЖИ-дің бірқатар механикалық мамандықтарды ығыстырғанымен, жаңа жұмыс орындарын да қалыптастыратынын алға тартады.
«Мұнда белгілі бір тепе-теңдік сақталады. Жасанды интеллект кейбір ескі кәсіптерді жойғанымен, соның орнын басатын жаңа мамандықтар пайда болады», — дейді депутат.
Смышляеваның айтуынша, басты мәселе — мамандарды жаңа кәсіпке қайта даярлау қажет.
«Кез келген адам бірден жаңа мамандыққа бейімделе алмайды. Сондықтан бұл бағытта арнайы бағдарламалар керек болады. Бірақ бұл үшін заңнамалық өзгерістер қажет емес», — деп нақтылады Смышляева.
Сондай-ақ депутат «ЖИ депутаттарды алмастыра ала ма?» деген сауал жиі қойылатынын атап өтті. Алайда мәжілісмен бұл болжамды пікірлермен келіспейді.
«Депутат — бұл шығармашылық және интеллектуалды күрделі мамандық. ЖИ мұндай күрделі рөлді атқара алуы үшін оған әлі көп даму керек. Себебі заң шығару процесінде сапалы, сенімді деректер қажет. Бүгінде бізде заңдар машина оқи алатын форматта емес, яғни алгоритмдеуге келмейді. Сондықтан заң шығару ісі — ЖИ үшін әлі қолжетімсіз сала. Бұл тұрғыда адам факторын ештеңе алмастыра алмайды», — деді ол.
Осыған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек суперкомьпютер мен жасанды интеллект Қазақстан үкіметі мүшелерін алмастыра ала ма деген сұраққа жауап берген еді. Министрдің сөзінше, зерттеулер жұмыс күшінің бір бөлігін жасанды интеллектке ауыстыру мүмкіндігін көрсетіп отыр, алайда министрлердің орын алмастыру туралы айту әлі ерте.