Мәжіліс жасанды интеллект туралы заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» негізгі және екі ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.
Негізгі заң жобасы 7 тараудан және 28 баптан тұрады . Құжатта бірқатар маңызды өзгерістер қамтылған:
- жасанды интеллект саласындағы реттеудің, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін бекітеді;
- мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың жасанды интеллект технологияларын пайдалану ерекшеліктерін айқындайды;
- Үкіметтің жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы құзыреті кеңейтіледі;
- жасанды интеллект саласындағы қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланады.
Сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерінің иелері немесе иегерлері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бұдан бөлек, жоба жасанды интеллектті пайдаланудың кейбір түрлеріне де тыйым салады. Мысалы:
1. Адамдардың саналы келісімінсіз мінез-құлқына әсер ететін жасанды интеллектті қолдануға;
2. Адамдардың осалдығын (жасы, мүгедектігі, әлеуметтік жағдайы) әдейі пайдаланатын жасанды интеллектті пайдалануға;
3. Адамдарды әлеуметтік мінез-құлқы немесе сипаттамалары бойынша бағалауға немесе жіктеуге (әлеуметтік скоринг);
4. Адамдардың эмоцияларын олардың келісімінсіз талдау үшін жасанды интеллектті пайдалануға;
5. Заңмен рұқсат етілген жағдайлардан басқа кезде нақты уақыт режимінде қоғамдық орындарда бет-әлпетті тану үшін жасанды интеллектті қолдануға;
6. Заңнамада тыйым салынған жасанды интеллект қызметінің нәтижелерін жасауға және таратуға тыйым салынады.