Жаңалықтар

Мәжіліс жасанды интеллект туралы заң жобасын мақұлдады

Адамдардың келісімінсіз мінез-құлқына әсер ететін жасанды интеллектіні қолдануға тыйым салынады / Фото: Shutterstock

Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» негізгі және екі ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.

Негізгі заң жобасы 7 тараудан және 28 баптан тұрады . Құжатта бірқатар маңызды өзгерістер қамтылған:

  • жасанды интеллект саласындағы реттеудің, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін бекітеді;
  • мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың жасанды интеллект технологияларын пайдалану ерекшеліктерін айқындайды;
  • Үкіметтің жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы құзыреті кеңейтіледі;
  • жасанды интеллект саласындағы қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланады.

Сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерінің иелері немесе иегерлері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бұдан бөлек, жоба жасанды интеллектті пайдаланудың кейбір түрлеріне де тыйым салады. Мысалы:

1.      Адамдардың саналы келісімінсіз мінез-құлқына әсер ететін жасанды интеллектті қолдануға;

2.      Адамдардың осалдығын (жасы, мүгедектігі, әлеуметтік жағдайы) әдейі пайдаланатын жасанды интеллектті пайдалануға;

3.      Адамдарды әлеуметтік мінез-құлқы немесе сипаттамалары бойынша бағалауға немесе жіктеуге (әлеуметтік скоринг);

4.      Адамдардың эмоцияларын олардың келісімінсіз талдау үшін жасанды интеллектті пайдалануға;

5.      Заңмен рұқсат етілген жағдайлардан басқа кезде нақты уақыт режимінде қоғамдық орындарда бет-әлпетті тану үшін жасанды интеллектті қолдануға;

6.      Заңнамада тыйым салынған жасанды интеллект қызметінің нәтижелерін жасауға және таратуға тыйым салынады.