Жаңалықтар

Шетел азаматы ел шекарасындағы жолдарды сынады. Министрлік не деп ақталды

Шетел азаматы Қазақстандағы жолдардың сапасы өте нашар екенін айтады /Фото: shutterstock

Беларусь елінен келген жүк көлігі жүргізушісі Константин Костен Қазақстан мен Ресей шекарасынан түсірілген бейнежазбасын әлеуметтік желілерде жариялады. Ол Қазақстандағы жолдардың сапасы өте нашар екенін, әрі мұны бұл елдің «келбеті» деп баға берді.

Бейнежазбаны ол Солтүстік Қазақстан облысындағы «Жаңа жол» өткізу пунктінде түсірген. Ал қарсы бетте — Ресейдің Қорған облысындағы «Петухово» бекеті орналасқан.

Шетел азаматы Константин шекара маңындағы қоқыс, лас орындар мен жолдың нашар күйін көрсетіп, бұл жерлерде қоқыс жәшіктерінің жоқ екенін, нәтижесінде қалдықтардың жол жиегіне шашылып жатқанын айтады.

«40 км/сағ жылдамдықты көрсететін белгіні жай ғана күлкі үшін қойғандай — өтетін-өтпейтініңді байқап көр дегендей», — деп келемеждеді Константин.

граница Казахстана и России

Бейнежазба әлеуметтік желілерінде кеңінен таралып кетті. Желі қолданушылары болса «Қазақстандағы барлық жолдың жағдайы осындай» деген пікір қалдырған.

Дегенмен келесі күні блогер жаңа видео жариялап,  елдегі  жолдардың жақсы тұсында көрсетуге тырысқан.  

«Жақсы тұстар да бар. Мысалы, автобан. Қазір Астанаға кетіп барамыз. Жол бойында тұрақтар, әжетханалар бар. Бір бағытта екі жолақ, қарама-қарсы бағытта да екі жолақ», — деп бөлісті Константин.

Шетел азаматының Қазақстандағы жол сапасына қатысты сынына Көлік министрлігі жауап қатты. Ведомство елдегі 8 автокөлік өткізу пунктін жаңғырту жоспарланып отырғанын  мәлімдеп отыр.

  • Тасқала өткізу пункті (БҚО, РФ шекарасы)
  • Сырым өткізу пункті (БҚО, РФ шекарасы)
  • Әлімбет өткізу пункті (Ақтөбе облысы, РФ шекарасы)
  • Жаңажол өткізу пункті (СҚО, РФ шекарасы)
  • Үрлітөбе өткізу пункті (Павлодар облысы, РФ шекарасы)
  • Қосақ өткізу пункті (Павлодар облысы, РФ шекарасы)
  • Бесағаш өткізу пункті (Жамбыл облысы, Қырғызстан шекарасы)
  • Қарасу өткізу пункті (Жамбыл облысы, Қырғызстан шекарасы)

Сондай-ақ министрлік жаңғырту жұмыстары барысында шекара бекеттерінде жаңа ғимараттар салынады деп сендірді. Төрт жолақты жолдар да болатынын айтады.