Ешқашан саяхаттамаған адамға қай елден бастаған дұрыс

Ешқашан саяхаттамаған адамға үйден ұзап шығудың өзі қорқынышты көрінуі мүмкін. Өйткені оған әуежайдағы қарапайым рейске тіркеуден бастап, бөтен елде қонақ үйге жетуге дейінгі жиі саяхаттайтын адамға үйреншікті, қалыпты процестің бәрі жаңа, бейтаныс. Осы жүкті жеңілдетіп, алыс сапарға шығудан тәжірибе жинау үшін алғашқы саяхатыңызды жақын, түсінікті, жайлы елдерден бастауға болады. Ол қандай елдер деп басыңыз қатса, біз дайындаған тізімді шолып шығыңыз.
Әуелі мүлде саяхаттап көрмеген адамға жайлы болатын елдерді бірнеше санатқа бөлеміз:
Көрші мемлекеттер
Әдетте бір-біріне жақын орналасқан мемлекеттердің ортақ тұсы көп. Оларды көбіне тілдік, мәдени, тарихи немесе өңірлік ұқсастықтар біріктіреді. Мәселен, Шри-Ланка, Мальдив пен Үндістанның тілі, діні әртүрлі болғанымен, тамағы ұқсас. Яғни, Үндістан тамағына үйренген адамға Шри-Ланка мен Мальдивтің роти, күріш, ащы соуста дайындалған балық сияқты тағамдары — асқазан үйренбеген, экзотикалық дүние емес.
Алғаш саяхатқа шығып тұрған адамға өзі үйренген жайлылық нормасын бірден 100 пайыз бұзбай, өзін жаңа ортаға біртіндеп бейімдеген дұрыс. Сонда ми мен ағзаға стресс азайып, өзіңіз көбірек ләззат аласыз.
Тағы бір мысал: мұсылман ортада, тіл рецепторлары белгілі бір дәм мен тамақ түрлеріне үйренген адамға бірден асүйінің 98%-ы шошқа етінен тұратын, тамақтың көбі майлы әрі дәмсіз көрінетін Филиппинге бару біршама қиын болар еді. Өйткені саяхатта сүйсініп тамақ жемеу көңіл-күй мен физикалық күйге қатты ықпал етеді.
Екінші мәселе — тіл. Бұрын саяхаттап көрмеген адамдарда ағылшын тілін еркін білмеу деген кедергі болуы мүмкін. Бір өңірдегі өзіңізге жақын елдерге саяхаттау тілдегі ұқсастықтарды, ортақ тіркестерді пайдаланып, оңайырақ ұғынысуға көмектеседі. Орталық Азияны алсақ, өңірде көбі Кеңес Одағы тұсында орыс тілін үйренуге мәжбүр болғандықтан, әлі күнге осы тілде сөйлейтін адамдарды кездестіруге болады. Сондықтан Қазақстан азаматтарына салыстырмалы түрде Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстанға саяхаттап, жергілікті халықпен тіл табысу жеңілірек.
Көрші елдерге саяхаттаудың артықшылығы:
- Басқа елдермен салыстырғанда арзан
- Тілдік барьер аз немесе жоқ
- Ақпарат көп, саяхатты жоспарлау оңай
- Басқа үлкен сапарларға дайындалып, тәжірибе жинауға жақсы
- Саяхаттап барған еліңіздегі мәдениет, тамақ, инфрақұрылым, қоршаған орта көбіне таныс, түсінікті, осыдан уайым мен қорқыныш та аз болады.
Қазақстаннан қайда баруға болады?
- Өзбекстан — құрлық шекара (автобус, такси)/ұшақ
- Қырғызстан — құрлық шекара (автобус, такси)/ұшақ
- Тәжікстан — Өзбекстан арқылы құрлық шекара (такси)
- Ресей — пойыз, ұшақ
- Әзербайжан — Ақтаудан ұшақ немесе кеме
Бұл елдерде не көреміз?
Өзбекстан — тарихи қалалар, ЮНЕСКО қорғауындағы архитектуралық ескерткіштер, дәмді тағамдар, ұлттық колорит, арзан жеміс-жидек, шығыс базары, қонақжай халық, аутентикалық қонақ үйлер.
Қырғызстан — таулар, көлдер, әдемі табиғат, хайкинг, атқа мініп, бірнеше күндік трейл жасау мүмкіндігі, жайлауда киіз үйде ұйықтау, ұлттық тағамдар, номад өмір.
Тәжікстан — атақты Памир таулары, кэмпинг, тауда тұратын халықтың қарапайым тұрмысы, колорит ауылдар, жаңа мәдениет.
Ресей — тарихи мұражайлар, қазақ зиялылары жерленген орындарды аралау, Дағыстан, Кавказ, Байқал, Қиыр Шығыс, Сібір, Камчатка немесе Курил аралдары.
Визасыз елдер
Мүлде қолданылмаған, бос төлқұжатқа виза алу қиындау. Сондықтан алғашқы саяхатыңызды виза сұрамайтын елден бастаған оңай. Қазақстан азаматтары 43 елге визасыз кіре алады. Олардың ішінде бұрын шетелге шықпаған кісілерге қатты алыс емес, қауіпсіз елдерден мына мемлекеттерді ұсынамыз:
Оман — 30 күнге дейін визасыз
Албания — 90 күнге дейін визасыз
Малайзия — 30 күнге дейін визасыз
Черногория — 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін 30 күнге дейін визасыз
Толығырақ:
Оман — тыныш, таза, мұсылман мемлекеті. Араб теңізі, суы мөп-мөлдір аралдары бар. Теңіз тасбақасымен жүзіп, дельфин көруге болады. Таяу Шығыстағы биік таулар мен каньондар, ең көп оазистер де — осында. Тау арасында орналасқан ауылдар, дәмді ет, араб тәттілері, дәмді халва, бедуин кофесі ерекше шығыс атмосферасын сезіндіреді. Оман — хайкинг пен кэмпингке жайлы ел. Елде жартас арасынан түзілген өзен-көл көп, оларды wadi деп атайды. Аптап ыстықта осындай wadi-лерге барып, жанға сая тауып, керемет демалыс өткізуге болады.
Албания — солтүстікте «Албанияның Альпісі» аталған биік таулар, түртілмеген табиғат, каньон, айнадай көл, жанға жайлы, салқын ауа-райы күтеді. Оңтүстігі — тегіс теңіз жағасындағы курорт қалалар. Астанасы — Тирана жаяу серуенге жақсы, дәмді мейрамханалар мен креативті кофеханаларға толы. ЮНЕСКО қорғауына алынған Берат қаласы — Дисней ертегілеріндегі патшалық сияқты.
Малайзия — теңіз жағасындағы алаңсыз демалыс іздесеңіз, Малайзия аралдарына барыңыз. Бірнеше мысал: Реданг, Пенанг, Лангкави, Борнео, Тиоман, Лабуан. Аралдарға Куала-Лумпурден 20 мың теңгеге дейін бағада ұшуға болады. Ал белсенді демалыс, түнгі өмір, жап-жасыл қаладағы серуен, шоппинг пен дәмді мейрамханалар үшін Куала-Лумпурге тоқтаңыз.
Черногория — Адриат теңізі, еуропалық стильдегі қалалар, жайлы демалыс. Жылда Черногория билігі Қазақстан азаматтарына туристік маусымда визасыз режим ұсынады. Әдетте сәуірден қазанға дейін жалғасатын визасыз саяхаттау мүмкіндігі биыл наурызда басталып, желтоқсанның соңына дейін созылады. Черногория — шағын мемлекет, қалалардың арасы аса ұзақ емес. Таза, қоғамдық жағажайлары көп, тек жататын орын алсаңыз ғана, қосымша ақы төлейсіз. Черногорияда Ульциннен бастап, Бар, Котор, Будва, Херцег Нови мен Подгорицаны аралауға кеңес береміз.
Өз еліңізден турист көп баратын елдер
Әдетте белгілі бір елден турист көп баратын бағыттар әлдеқайда қауіпсіз, сенімді болады. Өйткені мұндай елдерге ұсыныс көп, сәйкесінше, ұтымды баға табу да оңайырақ. Оның үстіне, қазақстандық туристерге әбден үйренген елдерде қазақ/орыс тілінде қызмет көрсететін гидтер де, ортаазиялық мейрамханалар да жетерлік. Қазақстандықтар мына бағыттарға жиі саяхаттайды:
Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) — жаздан басқа уақытта қолжетімді демалысқа қолайлы жер. Абу-Дабиге Түркістан, Алматы, Астана қалаларынан Wizzair компаниясы тұрақты рейстер жасайды. 1 маусымнан бастап Air Arabia Алматы-Абу-Даби бағытын ашқалы жатыр. БАӘ жағажай және комфортты қала демалысының үйлесімі іспетті. Теңіз, жақсы қонақ үйлер, ыңғайлы қоғамдық көлік, ойын-сауықтың түр-түрі бар. Қазақстандықтарға 30 күнге дейін визасыз саяхаттауға болады.
Түркия — Ыстанбұл, солтүстік Түркия (Трабзон, Ризе аймағы), оңтүстіктегі Түрік Ривьерасы (Антальядан басталатын теңіз жағасындағы қалалар), Чешме, Алачаты, Мардин — Түркияда кез келген қызығушылық пен бюджетке лайық орын табасыз. 90 күнге дейін виза қажет емес.
Грузия — Қара теңіз жағалауындағы Батуми, Грузияның жүрегі — Тбилиси, Казбеги таулары, Ушгули, Кахетия өңірі, шарап жасайтын ауылдар мен гастротурға жақсы. Қазақстан азаматтарынан 90 күнге дейін виза сұрамайды.
Таиланд — Азиядағы ең дәмді тағамдар, түнгі базар, ойын-сауық, экзотикалық жемістер, әдемі аралдар, жағажайдағы демалыс, тай массажы, таңдай қақтырар табиғат. Таиланд 2024 жылдан бері қазақстандықтардан 60 күнге дейін виза сұрамайды.
Египет — Африка мен араб мәдениетінің қосындысы, Қызыл теңіз, дайвинг, снорклинг, туризмге әбден үйренген ел, бір-біріне ұқсамайтын констрастқа толы сұлулық, ежелгі тарих пен Ніл бойындағы қалалар. Виза әуежайда жасалады, 25 доллар тұрады.
Қазақстаннан турист көп болғандықтан, бұл елдерге арзан әрі тиімді бағада тур көп. Алғашқы саяхатыңызды толық өзіңіз жоспарлауға қорықсаңыз, дайын турпакет сатып алыңыз. Жоғарыда аталған елдердің кейбіріне турларды ұшуға 2-3 күн қалғанда су тегінге алуға болады. Қонақ үй, тамағы мен трансфері дайын болса, қалада көретін орындарды ары қарай өзіңіз жоспарлап, кейінгі саяхаттарға тәжірибе жинайсыз.