«Кек алу үшін ұрып-соқтым»: сотта Нұрбол Тоқтаубаевтың тергеуде берген жауабы оқылды

Шерзат Полат ісінде сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың қорғануға құқығы бар куә ретінде берген жауабы оқылды, деп хабарлайды KursivMedia.
«Төбелес кезінде Абзал пышақ алып шығып Шерзатты пышақтап жіберді. Пышақты нақты қайдан алғанын білмеймін. Туған інім Азамат Нұрқанаттың жамбасынан пышақтады. Нұрқияс сол кезде мылтықты Қаржаубайдың қолынан тартып алып, мылтықпен Шерзатқа бірнеше рет соққы жасады. Шерзат жерге отырған кезде мен екі рет оң аяғынан тептім, үшінші рет оң жұдырығыммен бірнеше рет қолдарына соққы жасадым. Нақты кім екенін білмеймін. Жанымдағылар да Шерзатты тепкіледі. Сол сәтте жаңағы екі қыз және Шерзаттың анасы бізді ажыратпақ болып арамызда жүрді», – деген Нұрбол Тоқтаубаев 4 қазанда берген жауабында.
Тергеу кезінде Шерзаттың 16 жаста екенін білмегенін айтқан.
Нұрбол Тоқтаубаев «сіз не себепті достарыңызды шақырып алдыңыз?» деген сұраққа «Таяқ жеп қалмайық деп көмекке шақырдым» деп жауап берген.
Тергеуші Тоқтаубаевтан «Сіз не себепті Шерзат Полатты ұрып-соқтыңыз?» деп сұраған.
«Ол досым Дарханды ұрып тастағаны үшін одан кек алу үшін оны ұрып-соқтым», деп жауап берген.
2025 жылдың 15 мамырдағы соттағы жауабында Тоқтаубаев 2024 жылдың 4 қазанында берген жауабынан бас тартатынын айтты. Ол өзіне қысым жасалғанын жеткізді.
«Қысым көрсетті. Полиция қызметкерлері ұрды, соқты. Ол бойынша бірнеше арыз жаздым. (…) Қаржаубайдың өзі келіп ұрып кетті», – деді Тоқтаубаев.
2025 жылдың 15 мамырында Нұрбол Тоқтаубаев қайғылы оқиға болған күні Қаржаубай Нұрымовты сабырға шақырып жүргенін айтты.
Сотталушыларға қандай айып тағылған
Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.
Равиль Сакиев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу);
Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);
Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру).