Төбелеске қатысуға мәжбүр болдым – Шерзат ісіндегі сотталушы

Талдықорған сотында Шерзат Полаттың қазасынан кейін қамалған Нұрбол Тоқтаубаев қайғылы оқиға болған күні төбелеске қатысуға мәжбүр болғанын айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
«Біз бұлай боларын білген жоқпыз. Төбелеске қатысқанымды мойындаймын. Қоғамдық тәртіпті бұзғанымды мойындаймын. Барып тепкенімді мойындаймын. Себебі төбелеске қатысуға мәжбүр болдым. Бірі кастетпен жүгіріп жүрсе, бірі пышақ, бірі мылтықпен атып жүрсе…ол жерде туған бауырым бар. Өзіммен бірге ертіп алған кәмелетке толмаған Думан бар. Соларды ойладым да төбелеске қатысуға мәжбүр болдым», – деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Нұрбол Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінде (бұзақылық) көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталып отыр.
Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.
Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ.