Сотта Шерзат Полатты бір топ адамның ұрып-соққан сәті түсірілген видео көрсетілді

Талдықорғандағы сот отырысында 2024 жылдың қазанында бір топ адамның Шерзат Полат пен ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевты пышақтап, ұрып-соққан сәті түсірілген видео көрсетілді. Ол жерде ер адамның «скорый шақырыңдар» деген дауысы естіледі.
Сондай-ақ видеоға сәйкес, бір топ адамның арасында бір ер адам жерде жатқан адамды қатты затпен бірнеше рет ұрған.
«Нұрқанат Ғайыпбаев пен Шерзат Полаттың қасына сотталушылар Белғожаев, Шынасыл, Тоқтаубаев, оның артынан Сакиев келді. Ең бірінші Шерзатты Белғожаев тепкен. Осы сәтте сол жағында анасы Бишембиева отырады. Оның арғы жағында Белғожаев, Шынасыл, Ілиясов Ғайыпбаевты сүйреп, сол жаққа әкетеді. Осы сәтте Белғожаев, Шынасыл, Ілиясов және кейін келген Сәкиев Ғайыпбаевты бөлек сүйреп алып кетті. Шынасыл мен Сакиев пышақ жарақатын келтірген», – деді прокурор Ержан Құрақбаев.
Видеоны кәмелетке толмаған бала түсірген.
Сотталушыларға қандай айып тағылған
Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.
Равиль Сакиев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу);
Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);
Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру).