
Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 2025 жылдың 15 мамырында сотталушылардан жауап алу жалғасады деп жоспарланған. Сондай-ақ қайғылы оқиға болған күні түсірілген видеолар көрсетіледі, деп хабарлайды KursivMedia.
Сот отырысы басында судья әлеуметтік желіде қылмыстық іске қатысты субъективті пікір таратуға болмайтынын ескертіп, мұның сотқа қысым деп қабылданатынын айтты.
Видеода сотталушы Дархан Әскентайдың «Қамажай» дүкені ішіне кірген сәті де түсірілген. Сыра алғаннан кейін, Әскентай танысына телефон арқылы хабарласып, мың теңге аударуды сұраған.
Прокурор Ержан Құрақбаев видеолары қарау барысында бұған дейін сотқа куә ретінде қатысқан Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелді дүкенге кірген кезде қолдарында сөмкесі болғанына назар аударды. Олар сотта қолында сөмкесі болмағанын, ұялы телефонымен бірге көлікте қалдырғанын айтқан.
Бұған дейінгі 6 мамырдағы сот отырысында сотталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды. Сот отырысында 2024 жылдың 3 қазанынан 4 қазанына қараған түні Талғардағы «Қамажай» дүкенінде түсірілген видео жарияланды.
Шерзат Полат ісі
Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.
Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ.
Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.
2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.
Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды.
Сотталушыларға қандай айып тағылған
Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.
Равиль Сакиев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу);
Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);
Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру).