Жаңалықтар

Шерзат ісіндегі сот әлеуметтік желіде процеске баға беріп жатқандарға ескерту жасады

Шерзат ісіндегі судья желі қолданушыларына ескерту жасады/фото: kursiv.media

Марқұм Шерзат Полаттың қазасына қатысты қылмыстық істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов блогерлер мен басқа да желі қолданушыларына ескерту жасады, деп хабарлайды KursivMedia.

«Әлеуметтік желілерде іске мүлде қатысы жоқ блогерлер мен басқа да азаматтар тергеу әрекеттері мен сот талқылауына қатысты жеке пікірін білдіріп, субъективті баға беріп жатыр. Осыған байланысты ҚР Конституциясының 75-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстанда сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын, сонымен қатар сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі сот қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейтінін, ол заңда белгіленген тәртіпте жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз. Іс қаралып бітіп, үкім шығып, ол заңды күшіне енгенге дейін сот процесін түсіндіруге, әсіресе оған құқықтық баға беруге жол берілмейді», – деді судья.

Жанұзақовтың айтуынша, сот іс бойынша барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті зерттеуге, айыптау мен қорғау тарапының дәлелдерін тексеруге міндетті. Істі қарайтын судья тәуелсіз әрі объективті болуы, істің нәтижесіне жеке мүддесі болмауы және мүдделі тараптардың ықпалына түспеуге тиіс.

«Сот тек заңға сүйене отырып, бейтарап төреші ретінде әрекет етеді. Қазір іс тергеу сатысында тұр, қорытынды үкім әлі шыққан жоқ. Сот шешімді тек қана объективті, даусыз дәлелдер негізінде қабылдайды. Үкім шыққанша сотқа қысым жасауға, негізсіз және дәлелсіз сын айтуға жол берілмейді. Іске қатысты субъективті пікір таратуға болмайды. Бұл кей жағдайда сотқа қысым жасау әрекеті ретінде бағалануы мүмкін», – деді судья.

Осыған байланысты судья Жанұзақов әлеуметтік желі қолданушыларын арандатушылық сипаттағы әрекеттен аулақ болуға шақырды.

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.   

Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды