Миллиардер Айдын Рақымбаевтың құрылыс компаниясы нарықтан 2 млн доллар тартады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
BI Development
BI Development қор биржасына облигация шығарады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

BI Group холдингінің еншілес компаниясы – BI Development жетінші рет облигация шығаратынын хабарлады. Құны 2 млн АҚШ доллары болатын бағалы қағаздар 7,5% жылдық мөлшерлемемен, 24 ай мерзімге орналастырылмақ. Бұл шешім 2025 жылғы 2 мамырда өткен акционерлердің жалпы жиналысында қабылданған.

«Астана халықаралық биржасында (AIX) жалпы сомасы 2 000 000 АҚШ долларына жететін жетінші облигациялар траншын, жылдық 7,5% сыйақы мөлшерлемесімен, 24 айға дейінгі мерзімге шығару туралы шешім қабылданды», – делінген компанияның ресми хабарламасында.


2024 жылы BI Development KASE арқылы 15 млрд теңге және 15 млн доллар көлемінде облигациялар шығарып, қаражат тартуды көздеген. Теңгедегі облигациялар 16,75–17,25%, ал долларлық бағалы қағаздар 7–7,5% жылдық табыстылықпен ұсынылды. Бір облигацияның номиналдық құны – 1000 теңге немесе 100 АҚШ доллары, купондық сыйақы жылына екі рет төленеді.

BI Development 2024 жылы 76 млрд таза табыс тапты. Оның 25 млрд теңгесі акционерлерге дивиденд төлеуге, қалғаны компанияны дамытуға жұмсалады.

Group компаниясының мажоритарлық акционері Айдын Рахымбаев Forbes журналының нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай 50 адамның қатарында.

Оның байлығы 2025 жылы 967 млн долларға жетіп, елдегі ең ауқатты кәсіпкерлердің он екінші орнына тұрақтады. Ал 2024 жылы оның капиталы 886 млн доллар болған.

Жыл басында миллионердің құрылыс компаниясы премьер-министр Олжас Бектеновтің сынына ұшыраған. Үкімет басшысы BI Group, BAZIS секілді ірі компаниялар салықтан жалтарды деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз