Жетісу облысында суға кеткен әскери қызметкердің денесі табылды

15 мамыр күні Жетісу облысының Кербұлақ ауданында ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары суға кеткен әскери қызметкердің денесін тапты.
Ол оқиға орнынан 15 шақырым жерден табылған. Марқұмды судан алып шыққанда жартылай жалаңаш күйде болған. Әскери қызметкердің денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Кербұлақ ауданындағы Көксу өзенінде түсірілген видео жарияланған. Ол жерде ер адам ағыны қатты өзеннен тросқа асылып өтпек болып, орта белге келгенде суға құлап кеткені көрінеді.
Ер адамды Іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылды. Іздеу жұмыстарын өзеннің қатты ағысы, су деңгейінің ауытқуы мен ауа райының қолайсыздығы қиындата түскен. Операцияға 98 адам мен 22 техника жұмылдырылған.