Анкарада Ердоған мен Зеленскийдің кездесуі басталды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Анкарада Ердоған мен Зеленскийдің кездесуі басталды
Анкарада Ердоған мен Зеленскийдің кездесуі басталды/Фото: Anadolu агенттігі

Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі басталды. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.

Президент Ердоған әріптесін Президенттік кешеннің кіреберісінде қарсы алып, көшбасшылар екі елдің мемлекеттік туларының алдында суретке түскен.

Кездесуге Түркия тарапынан ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гүлер, Ұлттық барлау ұйымының (MIT) басшысы Ибрахим Калын және президенттің сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі бас кеңесшісі Акиф Чағатай Кылыч қатысқан.

Агенттік кездесу барысында Түркия мен Украина басшылары Ресей-Украина қақтығысы аясындағы соңғы оқиғаларды жан-жақты талқылайды деп күтіліп отырғанын жазды.

Келіссөздер екіжақты және кеңейтілген форматта өтеді. Оның барысында Түркия президенті Анкараның атысты дереу тоқтатып, бейбіт келіссөздерді бастауға қатысты ұстанымын жеткізетіні хабарланды.

Украина президенті Владимир Зеленский Түркия астанасына бүгін ұшып барған. Ол тікелей келіссөзге Ресей президентінің өзін шақырған. Алайда кеше Владимир Путин Түркияға бармайтыны белгілі болды. Ресей делегациясын Түркияға президент көмекшісі Владимир Мединский бастап барған.

Сондай-ақ оқыңыз