Қазақстандықтардың мойнында қанша кредит бар

Халық жылдан-жылға несиеге батып барады. Кейінгі екі жылда қазақстандықтардың несиесі жыл сайын 20-30%-ға өсіп отыр. Қазір елдің банк алдындағы борышы 23,3 трлн теңгеге жеткен.
2023 жылдың көктемінде халықтың мойнындағы кредиті 14,9 трлн теңгені құраған. Ал былтыр сәуірде халық банктер мен микроқаржы ұйымдарына 19 трлн теңге қарыз болса, бір жылда 22%-ға өсіп, 2025 жылы 23,3 трлн теңгеге жетті.
Тұтынушылық мақсатта алынған несие бизнеске берілген несиеден 3,8 трлн теңгеге артық. Қазіргі кезде банктер мен микроқаржы ұйымдары кәсіпкерлерге 19,5 трлн теңге несие берген.
Соның ішінде ұлттық валютадағы кредиттер 15,5 трлн теңгені құрап, 9,1%-ға артса, шетел валютасындағы бизнес кредиттері 4 трлн теңгеге жуықтап, бір жылда 15%-ға жуық өскен.
Жалпы халық мен бизнестің алған кредитін қосқанда, Қазақстан экономикасына берілген кредиттердің жалпы көлемі 42,8 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 20,1%-ға өсті.
Банк секторы – негізгі ойыншы
Экономикаға берілген несиелердің негізгі бөлігін дәстүрлі түрде банктер береді. 2025 жылғы сәуірде банк секторы берген кредиттер көлемі 36,6 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 16%-ға өскен. Бұл жалпы несиелердің 85%-дан астамы деген сөз.
Банк емес ұйымдар да өз үлесін біртіндеп арттырып келеді. Олардың жалпы несие көлемі бір жылда 10,6% өсіп, 6,1 трлн теңгеге жетті. Мұнда микроқаржы ұйымдарының белсенділігі ерекше байқалады – олар берген несие көлемі 2,9 трлн теңгеге дейін өскен.
2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке тұлғаларға тұтынушылық несие беру талаптары айтарлықтай күшеймек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банк мен микроқаржы ұйымдарға қатысты жаңа ережелер жобасын жариялады. Бұл өзгерістер халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға бағытталған.