Жаңалықтар

OPEC+ келісімінің шектеуіне қарамастан, Теңізде мұнай өндірісі артты

"Теңізшевройл" мұнай өндірісін арттырды
«Теңізшевройл» мұнай өндірісін арттырды / Фото: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы ең ірі мұнай жобасы – Теңіз кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы І тоқсанда өндірісті 25% арттырған. Бұл туралы ТШО-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі хабарлайды.

Қаңтар-наурыз айларында «Теңізшевройл» 9,37 млн тонна мұнай өндірген. Шамамен 74,5 млн баррельге тең көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 25%-ға артық. 2024 жылдың I тоқсанында өндіріс көлемі 7,5 млн тоннаны құраған еді.

ТШО – Chevron (50%), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc (25%), «ҚазМұнайГаз» (20%) және ЛУКОЙЛ (5%) компанияларынан құралған бірлескен кәсіпорын. Компания Атырау облысындағы Теңіз және Королевское кен орындарын игерумен айналысады. Тек Теңіздің өзінде шамамен 3,1 млрд тонна мұнай қоры бар.

Газ және күкірт өндірісі төмендеді

2025 жылдың алғашқы үш айында ТШО 309 мың тонна сұйытылған газ (2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға аз) және 547 мың тонна күкірт (27%-ға төмен) өндіріп сатқан. Есесіне, құрғақ газ өндірісі мен жеткізілімі айтарлықтай артқан – ТШО газ құбырлар желісіне 1,5 млрд текше метрден астам құрғақ газ жеткізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 есе көп.

Бұдан бөлек, 2025 жылдың I тоқсанында Теңізшевройл Қазақстан бюджетіне 1,7 млрд-тан астам аударған. Бұл елдің мұнай-газ секторындағы ірі салық түсімдерінің бірін құрайды.

Мұнай өндірісінің артуына Теңізді кеңейту жобасының іске қосылуы әсер еткен. 2024 жылдың сәуірінде жоба аясындағы алғашқы инфрақұрылым пайдалануға берілді. Ал 2025 жылдың қаңтарында ТШО өндірісті кеңейту аясында алғашқы мұнайды ала бастағанын мәлімдеді. Жоба толық қуатқа 2025 жылдың ортасына қарай шығуы тиіс.

Алайда OPEC+ келімге қол қойған елдер мұнайды артық өндіріп жатыр деп бірнеше рет ескертті. Шетелдік БАҚ мұнай ұйымы, әсіресе, Қазақстан мен Иранға қысым көрсеткісі келетінін жазған.

Қазақстанда сәуір айында мұнай өндірісі 3%-ға төмендеп, тәулігіне 1,82 млн баррель болды. Алайда OPEC+ белгілеген квотадан әлі де асып тұр.