
Ақтөбеде адамның ішкі ағзаларын сатпақ болған тұрғын ұсталды. Бұл туралы Ақтөбе облысының прокуратурасы хабарлады.
Прокуратураның жүргізген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, әлеуметтік желілердің бірінде Ақтөбе қаласының тұрғыны адамның ішкі ағзаларын сату туралы заңсыз мәміле жасамақ болғаны туралы ақпарат анықталды.
Облыс прокуратурасы қаулысы негізінде облыстық полиция департаментімен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Соның нәтижесінде, 2025 жылдың 30 сәуірінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жалпы сомасы 15 млн теңгеге адамның ішкі органдарын сатпақ болған күдіктіні ұстады.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабының 1-бөлігіне сәйкес («Адамның ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою») сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр, делінген хабарламада.
Облыс прокуратурасы азаматтарды заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырып, құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты тиісті органдарға хабарлауды сұрайды.