Алматы көшелерінде жарық жүйесі қалай қалпына келтіріліп жатыр

Алматыда сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылдың өзінде 12 мыңнан астам жарық нүктесі орнатылған, ал жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Бұл туралы «Алматы Қала Жарық» мекемесінің басшысы Игорь Мысик мәлімдеді.
Мекеме басшысының айтуынша, Абылай хан мен Абай көшелерінің қиылысында ұзындығы 4 метрлік жаңа кронштейндер орнатылған. Бұл шамдар жарықты биік ағаштардың арасынан жоғалтпай, жерге тура бағыттап, көрінуді жақсартады.
«Бұл жаңа құрылымдар жапырақ арасындағы жарық жоғалту мәселесін шешуге көмектеседі. Мұндай жұмыстар орталық көшелердің бәрінде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр», – деді Игорь Мысик.
Алматының төменгі бөлігінде 1200-ден астам жарықтандырылмаған немесе сапасыз жарықталған учаске анықталған. Олар жыл соңына дейін жарықпен қамтамасыз етіледі.
Жалпы қала бойынша 5700-ден астам жаңа жаяу жүргінші шамы орнатылмақ.
«Біз жаңадан құрылыс жасап жатқан жоқпыз, жарықты қалпына келтіріп, жетілдіріп жатырмыз. Бұрын жарық болмаған жерлерге шам орнатып, кейбір ескі шамдарды заманауи стандарттарға сәйкестендіріп жатырмыз», – деді Мысик.
Алматылықтар жарық мәселесіне қатысты әлеуметтік желілер, eOtinish платформасы немесе диспетчерлік қызмет арқылы шағым жолдай алады. Кәсіпорынның нормативі бойынша, қараңғы учаскені жою мерзімі – бес күн, алайда қазір бұл көрсеткіш қысқарған.
Қала бойынша тәулік бойы 40-тан астам бригада жұмыс істейді, әрқайсысында үш адамнан.
Қала әкімдігі мен «Алматы Қала Жарық» бірлесіп, шамамен бір жарым жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда Алматының жарық жүйесін айтарлықтай жақсартқанын айтады. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түспек.