ҚМДБ құдайы ас беру тәртібі мен мәзірін бекітті

Астанада өткен VI Республикалық имамдар форумында қоғам үшін маңызды екі құжат қабылданды. Соның бірі — «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу (мәзірі мен тәртібі)» деп аталады. Бұл бастаманы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы таныстырып, оны форумға қатысушылар бірауыздан қолдады.
Бұдан былай құдайы ас мәзіріне қойылатын талаптар қарапайым және адал тағамдарға негізделмек. Атап айтқанда, дастарқанда мынадай ас түрлері болуы тиіс: нан өнімдері, шай, ыстық ас (ет немесе күріш), сары май, тары, талқан, қант, кәмпит.
«Өкінішке қарай, кейбір қарапайым отбасылар «елден қалмайын» деп, қаражатын қиып, қарызға кіріп, асты сән-салтанатпен беруге тырысады. Бұл — шариғатта мақұлданбайтын амал. Ас беру рәсімі – аза тұту емес, дұға жасау. Ысыраптан аулақ болып, дастарқанда тағам емес, ниет пен дұға маңызды екенін ұмытпаған жөн», — деді Бас мүфти.
Имамдар форумында сондай-ақ «Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» атты тұғырнама да қабылданды. Бұл құжатта отбасы институтының тәрбиелік мәні мен діни рәсімдердегі бірізділік мәселесі қарастырылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандықтардың Құрбай айт мейрамында қанша күн демалатынын жазған едік.