Мектептегі достықтан – үлкен сахнаға дейін: Duisenbi тобының жолы

Жарияланды 15 Мамыр 2025 13:14

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Мектептегі достықтан – үлкен сахнаға дейін: Duisenbi тобының жолы / коллаж: kursiv.media

Duisenbi тобы – тыңдармандардың жүрегін жаулап келе жатқан жас өнерпаздар. Бұл — тек музыкалық жоба емес, бұл — достық пен табандылықтың, шынайылық пен арманның тоғысқан тарихы.

Достықтан туған дуэт

Топ мүшелері — Saqi (Сағындық) пен Daus (Самғат) — мектеп кезінен дос. Екеуі алғаш рет 2017 жылы ортақ достары арқылы танысқан. Бір қызығы, Самғат кейін Сағындық оқитын мектепке ауысып келеді. Сол кезден бастап шығармашылық байланыс орнай бастайды. Самғат бала күнінен «әртіс болам» деп армандаса, Сағындықтың бұл арманын өмір желі ұмыттырып жіберген екен.

2022 жылы екеуі өнер адамдарының ортасында жүріп, алғашқы демо әндерді жаза бастайды. Ал 2023 жылдың мамыр айында Самғат: «топ болайық» деп ұсыныс тастағанда, Сағындық еш ойланбастан келісіп, сол сәттен бастап Duisenbi атты музыкалық дуэт өмірге келді.

Неге Duisenbi?

Duisenbi — көпшілік үшін аптаның ең күрделі күні. Бірақ жігіттер бұл атауды тыңдарманның жаңа бастамаларына шабыт беретін, мотивация сыйлайтын символға айналдырғысы келді.

«Дүйсенбі» қойылу мақсаты — әр тыңдарман ойындағы ісін күннің дүйсенбісін күтпей-ақ, «Дүйсенбі» тобының әндерімен-ақ бастай берсе деген ниет, дейді топ мүшелері

Алғашқы қадамдар

Топ ресми түрде 2023 жылдың 11 қыркүйегінде, дүйсенбі күні құрылды. Алғашқы туындылары «Сүйем» атты әні болды. Бұл әннің сөзін Самғат жазса, әуенін Сағындық жазды.

Бүгінде топ қоржынында 12 ән бар, ал 15 маусымда Алматыда алғашқы жеке концертін өткізбек.

«Кейде өзімізден үлкен, тәжірибелі әншілердің жеке концерт өткізбегенін көріп, біз ерте бастап кеттік пе деп те ойлаймыз», — дейді әншілер

Өз күшіне сенген өнер

Duisenbi — ешқандай продюсерсіз, ешкімнің қолдауынсыз өз жолымен келе жатқан жоба. Өз қаражатымен студия жалдап, тіпті кейде 2 сағаттық жолды жаяу жүріп, 1 апта бойы студияда жатып, музыка жазуға бел буған сәттері аз емес. Аш жүріп ән жазған күндері де болған.

Жігіттердің айтуынша, өздері тапқан ақшаларын топтың дамуына жұмсайды. Сондықтан әр ән, әр концерт — олардың адал еңбегі мен жанкештілігінің жемісі.

Duisenbi тобы өнердегі достары ретінде Alpha тобымен жақсы араласатынын айтады. Alpha мүшелері Ақжол (I), Тлеужан (Qozzy), сондай-ақ Самғаттың туған ағасы Шарипжан Жасын және Мадияр Алинуров секілді өнердегі достары жігіттерге шабыт беріп, бағыт-бағдар көрсеткен. Шығармашылық жолда бір-бірін үнемі қолдап, тәжірибемен бөлісіп жүреді екен.

Жігіттер жанкүйерлерін де ерекше қадірлейді. Әлеуметтік желідегі әр пікірге жауап беру, кездесе қалса — құшақ жая амандасу, тікелей эфирде үнемі байланыста болу — бұл «Дүйсенбінің» басты ұстанымы.

Duisenbi тобы алдағы уақытта 1 маусым күні Астанадағы Shaiqa Fest кешінде өнер көрсетсе, 15 маусым күні Алматыда жеке концертін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандық танымал Q-pop тобы – Mad Men мүшелерінің темір тордың ар жағындағы өмірлері туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз