Жаңалықтар

Жемқорлардан қайтарылған сағат пен зергерлік бұйымдар 31 млн теңгеге сатылды

украшения
Құны 31 млн теңгеден асатын қайтарылған активтер сатылды / фото: архив kursiv.media

2025 жылғы 30 сәуір мен 2 және 6 мамыр күндері E-Qazyna электрондық платформасында өткен аукциондық сауда-саттық нәтижесінде жалпы құны 31 млн теңгеден асатын активтер сатылды. Сауда барысында 9 сағат пен 5 зергерлік бұйым жаңа иелерін тапты.

Аталған активтер бұрын мемлекетке қайтарылған мүлік қатарынан. Оларды сату — барлық қатысушыға тең мүмкіндік беретін, ашық әрі әділ форматта ұйымдастырылды. Аукцион сәтті өтіп, бұл бағыттағы цифрлық сауда жүйесіне деген нарық сенімі артып келе жатқанын көрсетті.

Жеңімпаздар 10 жұмыс күні ішінде сатып алу-сату шартын жасасуы тиіс. Активтер тек шартқа сәйкес толық төлем жасалғаннан кейін ғана тапсырылады.

Түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға бағытталады. Бұл қордан әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылады.

Аталған аукцион — «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ның тиімді жұмысын тағы бір мәрте айқындап отыр. Компания қайтарылған активтерді ұтымды әрі әділ пайдалануға күш салып, қоғамдық сенімді арттыруда жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.