Қазақстанның қос құрамасы пара дзюдодан әлем чемпионы атанды

Жарияланды 15 Мамыр 2025 19:01

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қазақстан құрамасы пара дзюдодан әлем чемпионы атанды / фото: пара дзюдо федерациясы

Астанада өтіп жатқан IBSA Judo World Championships Astana — пара спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи жеңіске жетті.

Қос құрама да әлем чемпиондары

Командалық жарыста Қазақстан әйелдер құрамасы алтын медаль жеңіп алып, бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтті. Қыздарымыз Түркияны, Өзбекстанды және Үндістанды тізе бүктіріп, тек Бразилияға ғана есе жіберді. Алайда бұл бір жеңіліс финал нәтижесіне әсер етпей, Қазақстан командасы жалпы есепте бірінші орынға шықты.

Түркия – күміс, Бразилия – қола жүлдегер атанды.

Ерлер құрамасы болса финалда Бразилияны жеңді. Чемпионаттың шешуші күні Қазақстанның ерлер құрамасы да ерекше өнер көрсетіп, финалда Бразилия құрамасын 4:3 есебімен ұтып, әлем чемпионы атанды.

Финал тартысты өтті — командалар алма-кезек жеңіске жетіп отырды. Жеңісті ұпайды Жұрқамырза Шүкірбеков алып келді. Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері Марсело Касаноны вазари әдісімен жеңіп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.

Еске сала кетейік, бұған дейін жекелей сында Бексұлтан Құлмырза әлем чемпионы атанған еді.

Сондай-ақ оқыңыз