Жаңалықтар

Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевтың ескерткіші неге қирап жатыр

Рақымжан Қошқарбаевтың
Рахымжан Қошқарбаевтың ескерткіші неге қирап жатыр? / фото: instagram asshot.inc

Желіде Рахымжан Қошқарбаевтың тозған ескерткішінің суреті тараған еді. Суретте бояуы кетіп, батыр есімі жазылған тақтайшадағы әріптері өшіп қалған ескерткіш бейнеленген. Бұл ескерткіш Ақмола облысындағы Рақымжан Қошқарбаев ауылында орналасқан екен.

Бұл мәселеге байланысты Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Kursiv.Media сауалына жауап берді. Ведомствоның мәліметінше, ескерткіш Целиноград ауданы, Рахымжан Қошқарбаев атындағы ауылдағы орта мектептің ауласында орналасқан.

«2024 жылдың мамыр айында, Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай, ескерткіш демеушілер есебінен толықтай қайта қалпына келтіріліп орнатылған», – делінген ресми жауапта.

Әкімдік қазіргі уақытта ауа райының күрт өзгеруі мен температураның ауытқуы салдарынан ескерткіштің беткі қабатындағы бояуы түсе бастағанын айтты.

«Қазіргі таңда ескерткіш жөндеу жұмыстары жүргізілгенге дейін уақытша алынып тасталды. Қалпына келтірілген соң, қайта орнатылады», – деп жазды облыс әкімдігі.

Рахымжан Қошқарбаев 1924 жылы Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Тайтөбе өңірінде дүниеге келген. 1945 жылғы 30 сәуірде Рейхстагқа бірінші болып кіріп, Жеңіс туын тіккен. Осы ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталған. 1985 жылы Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденін алған. 1999 жылы 7 мамырда Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлы отан соғысына қатысқан қазақ қаламгерлері туралы жазған едік.