Ұлттық пантеонда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

«Курсив» тілшілері Астанадан 17 шақырым жердегі орналасқан Ұлттық пантеонға барып, қазіргі жағдайымен танысып қайтты.
Ұлттық пантеон — кімдерге арналған?
Ұлттық пантеон 2014 жылы Қайрат Сатыбалдының бастамасымен салынған. Ел арасында бұл жерді «элиталық зират» деп атайды. 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бұл жерде Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесі салынған.
Сондай-ақ, Пантеон аумағында Сара Назарбаеваның інісі — Саяхат Қонақай жерленген. Саяхат Қонақай 2014 жылы осы аумақтағы алғашқы жерленген адамның бірі болды. Оның қабірінің жанында бос орын бар, бұл, болжам бойынша, отбасы мүшелерінің біріне арналған болуы мүмкін.

Қазіргі күйі қандай?
Ұлттық пантеон аумағы өте тыныш, әрі тазалықта ұстап отырғанын байқауға болады. Бейіттердің барлығы бірдей стильде ақ мәр-мәр тастардан жасалған.
«Курсив» тілшісі барған сәтте жұмысшылар аумақты реттеп, қоршауларды бояп, күтім жұмыстарын жүргізіп жатқан.

Пантеонда кімдер жерленген?
2023 жылы Астана қаласының маслихаты пантеон аумағын кеңейту туралы ұсыныс жасаған. Себебі сол уақытта мұнда 21 адам жерленіп, бар болғаны 4 бос орын қалған еді.
Қазақстан Үкіметі пантеонға кімдер жерлене алатынын нақтылап берген:
- Қазақстан президенттері;
- Премьер-министрлер, олардың орынбасарлары, Парламент палаталарының төрағалары мен орынбасарлары, Мемлекеттік кеңесшілер, Президент Әкімшілігінің басшылары, Конституциялық сот, Жоғарғы сот, Ұлттық банк басшылары;
- Министрлер, Президентке бағынатын органдардың жетекшілері, облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана қаласының әкімдері;
- «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері», «Кеңес Одағының Батыры», «Социалистік Еңбек Ері» атақтарының иегерлері, «Алтын Қыран», «Отан», үш дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталғандар, «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы бар тұлғалар;
- Президенттің арнайы шешімімен бекітілген азаматтар.
Қазіргі уақытта пантеонда жазушы Әбіш Кекілбаев, Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, ақын Қонысбай Әбіл, бұрынғы Ақмола облысының бұрынғы әкімі Сергей Дьяченко, КСРО-дағы Қазақ КСР ағарту министрі Қожахмет Балахметов сынды белгілі тұлғалар жерленген.
Айта кетейік, Сара Назарбаева туралы жалған ақпарат тарағаннан кейін, Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бірінші президенттің әйелі Алматы қаласында ем алып жатқанын айтқан еді. Сонымен қатар, Ұлттық госпиталь Сара Алпысқызының жағдайы туралы ресми ақпарат берді.