ШҚО-да құбыр ауыстыру кезінде екі жұмысшы қаза тапты

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Үлкен Нарын ауылында су құбырындағы апатты қалпына келтіру кезінде топырақ опырылып, екі жұмысшы мерт болды. Қайғылы оқиғадан кейін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов оқиға орнына шұғыл барып, жағдаймен танысты.
Қаза тапқандар – «Нарын КомХоз Сервис» коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлері: Ержан Айтпаев, 1983 жылы туған, дәнекерлеуші, Сергей Кастерин, 1970 жылы туған, слесарь.
Оқиға орнына келген облыс әкімі арнайы комиссия мүшелерімен кездесу барысында өнеркәсіптік және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ережелерді түбегейлі қайта қарау қажет екенін атап өтті.
«Бейбіт, тұрақты кезеңде адам өмірі өндірістік тәртіп бұзушылық салдарынан үзілуі мүлде орынсыз. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы кез келген экономикалық мақсаттан маңызды болуы керек. Қайтыс болған азаматтардың отбасына облыс атынан қайғырып көңіл айтамын. Біз жан-жақты қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар мен тиісті мекемелерге бұл жағдайды мұқият, әділ тексеруді, себеп-салдарын анықтап, кінәлілердің жауапкершілігін белгілеуді тапсырдым», – деді әкім Нұрымбет Сақтағанов.
Тергеу жұмыстары 10 күн ішінде жүргізіледі. Қажет болған жағдайда, бұл мерзім 30 күнге дейін ұзартылып, салалық сарапшылар тартылады. Бұл туралы оқиғаны тексеру жөніндегі комиссия төрағасы, облыстық бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатов хабарлады.
Оқиға бойынша тергеу қорытындысы құқық қорғау және сот органдарына жолданатын болады.
Қаза тапқан азаматтардың отбасына республикалық бюджет есебінен өтемақы төленіп, сақтандыру жүйелері аясында да қаржылай көмек көрсетіледі. Облыс басшысы марқұмдардың туыстарымен жеке кездесіп, олар еш көмексіз қалмайтынын баса айтты.