Зеленский Ыстанбұлдағы Ресей тарыпымен келіссөзге қатыспайтынын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Владимир Зеленский
Зеленский Ыстанбұлдағы келіссөзге қатысудан бас тартты / фото Telegram-канал Zelenskiy / Officia

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей тарапы қатысатын Ыстанбұлдағы келіссөздерге өзі бармайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Зеленский Анкарадағы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында айтты.

Зеленский келіссөздерге Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров бастаған делегацияны жіберетінін жеткізді. Делегацияға оқ атуды тоқтату мәселесін талқылауға толық мандат берілгенін атап өтті. Сонымен қатар, Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен тікелей келіссөзге шығуға дайын екенін тағы да қайталады.

«Анкарада жоқ, Ыстанбұлда жоқ. Біз енді бүкіл әлемді шарлап, оны іздей бермейміз ғой», — деді ол.

Зеленскийдің айтуынша, Ресей тарапы келіссөздерге әлсіз деңгейдегі делегацияны жіберіп, бұл арқылы бейбітшілікке қызығушылығы жоқ екенін және серіктестерге деген құрметтің жоқтығын көрсеткен.

«Бүгін Ресей тағы да соғысты тоқтатуға мүдделі еместігін көрсетті. Мұндай делегация – бейбітшілік пен халықаралық серіктестерге деген құрметтің жоқтығын білдіреді. Біз енді серіктестерден нақты және қатаң реакция күтеміз», — деп жазды Украина президенті Telegram-арнасында.

Ал осыған дейін Кремль Ыстанбұлдағы келіссөздерге Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский бастаған делегацияны жіберетінін хабарлаған. Владимир Путин өзінің келмейтінін алдын ала мәлімдеген.

Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамп та келіссөздерге қатыспайтынын мәлімдеді. Бұған дейін Зеленский Трамптың қатысатынына үміттенген.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған болса, Стамбулдағы келіссөздерде Путин мен Зеленскийді жеке қабылдауға дайын екенін айтты. Бірақ қазіргі таңда бұл тараптардан нақты келісім жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз