Жаңалықтар

Электросамокаттарға мемлекеттік нөмір қойыла ма

самокат
Ішкі істер министрлігінің өкілі электросамокаттарға мемлекеттік нөмір қойылмайтынын айтты / Фото: kursiv.media архив

Электросамокаттарға мемлекеттік нөмір қойылмайды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында  Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.

«Самокаттарға мемлекеттік нөмір қойылмайды. Өйткені барлық самокаттарда сәйкестендіру нөмірлері бар. Олар кішкентай әрі көрінбейді. Оларды агрегатор фирмалардың өзі қояды. Қазір сол сандарды үлкенірек етіп жазуға қатысты бастама көтеріп жатырмыз. Егер самокат жүргізушісі біреуді қағып кеткен болса, үлкен етіп жазылған нөмір бойынша полицияға хабарлауға мүмкіндік болады», – деді Лепеха.

Министрлік өкілі жауапкершіліктен ешкімнің қашып құтылмайтынын, қаққан адамды агрегатор арқылы анықтау оңай екенін жеткізді.

«Самокат жүргізушілері нөмір болмаған соң, жауапкершілікке тартылмаймыз деп ойлайды. Алайда біз көтеріп отырған бастаманы депутаттар қолдаса, сәйкестендіру нөмірлері арқылы заңбұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік туады», – деді ол.

Айта кетейік, елде 2023 жылдан бері электросамокаттардың қозғалысы заңмен реттеледі. Заңға сәйкес самокатпен жүру ережелерін бұзған адамға 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.