Қытайдан келетін туристер саны 5 жыл ішінде 9 есе артқан

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қытайдан келетін туристер саны артқан
Соңғы 5 жылда Қытайдан келетін туристер саны 9 есе артқан / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанға Қытайдан келетін туристер саны 2019 жылдан бері 9 есе артқан. Бұл туралы Kazakh Tourism ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

«2024 жылы Қытайдан келетін туристер ағыны қарқынды өсім көрсетіп, пандемияға дейінгі 2019 жылғы көрсеткіштен 9 есеге артты. Қазақстан қытайлық саяхатшылар үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналып келеді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы ҚХР Қазақстандағы қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындарында тоқтаған шетелдік туристер саны бойынша екінші орынға шыққан. Компания мәліметінше, елдегі қонақ үйлерге 173 987 қытайлық турис орналасқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 66%-ға артық. Ал жалпы келушілер саны 650 мыңнан асқан.

Көрсеткіштердің артуына бірінші кезекте визасыз режимнің енгізілуі оң әсер еткен. Сонымен бірге екі ел арасында тікелей рейстердің ашылуы да септігін тигізген.

Болашақта Қытайдан келетін туристер саны артады

Алдағы уақытта екі ел арасындағы туристер ағыны арту түсуі мүмкін. Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ҚХР нарығында еліміздің туристік әлеуетін ілгерілету бойынша бірқатар шаралар атқарды. Сондай шаралардың бірі Гуанчжоу қаласында қазақстандық туроператорлардың Қытай туризм индустриясының 50-ден астам өкілімен B2B форматындағы кездесулері болды.

Сонымен қатар қазақстандық делегация Guangzhou International Travel Fair атты көрмеге қатысқан. Көрме барысында Алматы қаласы Туризм басқармасының қолдауымен арнайы экспозиция қойылып, туристерге қаланың туристік аймақтарын аралауға арналған классикалық бағыттары көрсетілген.

Айта кетейік, Kazakh Tourism компаниясының болжамына сәйкес 2025 жылы Қазақстанға Қытайдан келетін туристер саны арта түседі. Өйткені осы жылдың басындағы сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 300%-ға артқан.

Сондай-ақ оқыңыз