Жаңалықтар

Ұлттық госпиталь Сара Назарбаеваның қазіргі жағдайына қатысты ақпарат таратты

Дәрігерлер Сара Назарбаеваның денсаулығы туралы айту үшін пациенттің өз келісімі керек / фото: KursivMedia мұрағаты
Аурухана басшысы Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды / Фото: kursiv.media архив

ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінің директоры Асхат Бралов Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Науқастың қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Науқас ҚР Президенті Әкімшілігінің Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде емделуде», – деп мәлімдеді аурухана басшысы.

Асхат Бралов науқасқа қатысты мәліметтер жария етілмейтінін де атап өткен.

«Денсаулық сақтау және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 273-бабына сәйкес диагнозы мен денсаулық жағдайына қатысты мәліметтер медициналық құпияны құрайтын мәліметтер санатына жатады. Ақпаратты құпия сақтау туралы шешім пациенттің жеке өміріне қол сұғылмаушылыққа заңды құқықтарын қамтамасыз ету, оның жеке өмірін құрметтеу және емдеу процесіне ықтимал араласудан қорғау мақсатында емделушінің мүддесі үшін қабылданды», – деп жауап берген ол.

БАҚ-та тараған ақпарат

Айта кетсек, бірнеше күннен бері Сара Алпысқызының дүниеден озғаны туралы ақпарат тарай бастады. Бұл ақпаратты алғашқылардың бірі болып Yedilov Online телеграм арнасы жариялады.

Артынша Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай БАҚ-та тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Бұл ақпаратты әлеуметтік желілер мен БАҚ-тар жарыса жазды. Жалған ақпаратпен бөліскендер арасында депутат Дәулет Мұқаевтың да парақшасы бар. «Курсив» тілшісіне берген жауабында депутат бұл ақпаратты өзі емес, көмекші менеджерлерінің салғанын айтып, көпшіліктен жалған ақапарат таратқаны үшін кешірім сұрады.