Бауыржан Момышұлы диссидент Хасен Қожа-Ахметті қалай түрмеден құтқарды?

Бауыржан Момышұлы диссидент Хасен Қожа-Ахметті жас кезінде түрмеден құтқарып қалған. Қазақ батырының тілдей хаты араша болыпты.
Хасен Қожа-Ахметтің жас кезінде барлық Кеңес одағының жастарынан ешқандай айырмасы жоқ еді. Тарихқа қызығып, музыканы ерекше жақсы көрді. Әскерде көрген құқайы оның алдағы тағдырына зор ықпал етті.
Жәбір көргені үшін – әскери түрмеге!
Кеңес Одағының идеологиясы бойынша, «интернационализм», «халықтар достығы» деген ұғымдар ерекше дәріптелді. Сондықтан кеңес офицерлері Байқоңырда әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Хасен Қожа-Ахметтің өзге солдаттармен қырғи-қабақтығын байқайды. Мұның себебі ұлттына қарай кемсітушілікте жатқанын білген олар істі жасырып жаппақ болады.
Жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыру үшін ерекше шешім шығарады. «Сені бірдеңеге ұрындырып жүрер» деген сылтаумен, Хасенді екі жылға әскери түрмеге қамап, «қорғамақ» болады.
Жазықсыз сотталуға, әділетсіздікке көнбей, сәті түскенде әскери абақтыдан қашып шығады. Ондай ойы – бұрынғы астана Алматыға келіп, жоғары басшылыққа шындықты жеткізу.
Бауыржан Момышұлы араша түсті
Тауар таситын вагонның үстінде тығылып, аш құрсақ, бүрсеңдеген солдат талай қиындықты көріп, Алматыға әрең жетеді. Ол кезде Қазақстанда Мәскеуді жаудан қорғаған, сан ұрысқа түсіп, жасанған жауды баудай түсірген Бауыржан Момышұлының атағы жер жарып тұрған кез.
Хасен Қожа-Ахмет «бір көмектесетін адам болса, тек соның қолынан келер» деп, мекенжайын тауып, Бауыржан Момышұлы тұратын үйге келеді.
Батыр әскери түрмеден қашқан солдаттың әңгімесін мұқият тыңдайды. Өзінің қазір зейнеткер екенін айтып, қолынан көп нәрсе келмейтінін ескертеді. Алайда көмегі тиіп қалар деп, әскери басшылыққа тілхат жазып береді.
Жазадан жындыхана арқылы босатқан
Орталық Азиялық әскери округтің комендатурасы Хасен Қожа-Ахметтің ісін қарайды. Байқоңырдағы әскери бөлімді тексереді. Шындық ақыры ашылады. Офицерлер де бұлталақтамай, істің егжей-тегжейін ашық айтып берген. Билікке бұл деректер мүлде ұнамайды. Кемсітушілік дерегін жасыру үшін Хасен Қожа-Ахметті жындыханаға жатқызып қойған. Ақырында «әскерге жарамсыз» деп шешім шығарып босатқан.
Кейінірек әскерде қылмыс жасаған адамдардың, азап көрсеткендер жазаланудың орнына, мансабы өсіп жатқанын естиді. Бұл әділетсіздіктен кейін жас Хасен Кеңес одағына қарсы күресуді ұйғарады.
«Қазақстан КСРО-дан бөлінсін!»
Хасен Қожа-Ахметтің жазадан құтылуына Бауыржан Момышұлы жазған хаттың көмегі болғаны сөзсіз. Онсыз қашқын ретінде түрмеге жабылуы да әбден мүмкін еді.
1970-жылдары Қазақстандағы мектептер мен жоғары оқу орындары қазақ тілінде оқытуды, өзге республикадан келетін миграцияға тосқауыл қоюды, тіпті, Қазақстанның тәуелсіз ел болуын талап еткен үндеулер қарша борайды. Ол үндеулерде беймәлім «Жас қазақ» ұйымы туралы айтылады.
1975 жылы Кеңес Одағының ыдырайтыны, Қазақстанның егемен ел болатыны туралы үндеу-парақшалар қазақ жастарының арасына тарайды. Әрине, бұл КГБ назарынан тыс қалмайды.
Алғашқы диссидент
Бірақ араға жеті жыл салып, яғни 1977 жылы Кеңес үкіметіне қарсы жасырын үгіт-насихат жүргізіп жүрген көзілдірікті адам ақыры қолға түседі. Жай адам емес, әжептеуір қызметі бар кісі. Музыка мектебінің директоры. Бұл – Бауыржан Момышұлы қорғап қалған Хасен Қожа-Ахмет еді.
Десе де, бес саусақ бірдей емес. «Жас қазақ» ұйымында жалғыз өзі бар екенін білгенде, әйгілі «үш әріп» өкілдері де таң тамаша болыпты. КГБ қызметкерлері арасында да оған көмек қолын созғысы келгендер табылған. Олар көп «қылмысын» жұмсартуға тырысқан. Содан жеңілдеу жазаға тартылып, «диссидент» ретінде үш жылға бас бостандығынан айырылған.
Үшінші мәрте ол 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде түрмеге қамалып, сотты болады. Кейін ақталып, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен «Азат» қозғалысының белді мүшелерінің бірі болады. Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде де кандидатурасын ұсынған. Қазақстанның жазушылар одағының мүшесі, композитор.
Жеңіс күнінің қарсаңында Таразда Бауыржан Момышұлына арналған мұражай ашылды.