Қазақтелеком 293,4 млрд теңгені дивиденд төлеуге жұмсайды

Қазақтелеком әр акция үшін 26,6 мың теңге көлемінде дивиденд төлеуді көздеп отыр. Бұл – компания тарихындағы рекорд. Мәліметті Қазақстан миноритарлы акционерлер қауымдастығы (QAMS) жариялады.
Дивиденд 2024 жыл мен одан алдыңғы жылдарда бөліске салынбаған табыстан төленеді. Былтыр компания 74 млрд теңге табыс тапқан. Оның алдындағы бөлінбеген табыс көлемі 219,2 млрд теңгеге жеткен. Осылардың бәрін қоса есептегенде, дивиденд көлемі әр акция үшін 26,6 мың теңге болған.
Мамырдың басында дивиденд алатын акционерлер тізімі 1 маусымда дайындалатыны мәлім болған. Сол кезде Қазақтелеком акциялары бірден 25%-ға көтеріліп, құнды қағаз 63 мың теңге болған. Бірақ кейін біршама арзандап, бір акция бағасы 56 мың теңгеге түсіп қалған.
Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, Қазақтелеком акцияларының 80,85%-на «Самұрық Қазына» иелік етеді. Оған 237,25 млрд теңге дивиденд төленеді. Ал 26,97 млрд теңгені Telecom Systems LTD алады. Компания акциялардың 9,19%-на ие. Акциялардың қалған 9,96%-ы миноритарлы акционерлерге тиесілі. 29,23 млрд теңге соларға дивиденд ретінде таратылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қаңтарда Қазақтелеком 1,1 млрд долларға «Мобайл Телеком-Сервис» (МТС) компаниясын сатқан. Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін компания Катардың Power International Holding холдингіне бұйырған.
Айта кетерлік бір жайт, МТС саудасынан түскен ақшадан дивиденд төлеу мәселесі былтырдан бері талқыланып келді. Экономика министрлігі қаулысына сай, «Самұрық Қазына» активтерін сатудан түскен ақшаның бәрі Ұлттық қорға аударылуы керек. Бірақ оған мемлекетке тиесілі дивиденд кірмейді.
Осылайша, МТС сатудан түскен ақша «Қазақтелеком» миниритарлы акционерлеріне тимес еді. Соған байланысты QAMS Конституциялық сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Алайда сот арызды қабылдамай тастаған.